Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табиғат тосын мінез танытқанда жанқиярлықпен еңбек еткен бір топ азаматқа алғыс айтып, жылы лебізін білдірді. Еңбегі ерен бір топ азамат мемлекеттік наградаға ұсынылды. Бұл туралы ақпарат Ақорданың Telegram-арнасында жарияланды.
«Жуырда еліміздің бірқатар өңірінде табиғат тосын мінез танытып, жағдай қиындаған кезде жергілікті атқарушы биліктің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медицина мамандары, коммуналдық қызмет пен автомобиль жолдарының жұмысын қамтамасыз ету саласының өкілдері, сондай-ақ басқа да азаматтар халықтың қамы үшін жанқиярлықпен еңбек етті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев олардың бәріне шын жүректен алғыс айтып, жылы лебізін білдірді. Еңбегі ерен бір топ азамат мемлекеттік наградаға ұсынылды», — делінген Ақорда хабарында.
Айта кетейік, қыстың екінші айында күн қайта бұзылып, еліміздің бірқатар өңірінің тұрғындарын әбігерге салды. Күні кеше Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында жедел жәрдем қызметкерлері ақтүтек боранда науқастың үйіне жету үшін жарты жолда көлігін тастап, омбылап жаяу барған еді. Бұдан бөлек, Мұғалжар ауданы Басшилі ауылының 73 жастағы тұрғынын ауруханаға жеткізу үшін ақтөбелік құтқарушылар ақтүтек боранда жол талғамайтын көліктің алдына түсіп алып 18 шақырым жаяу жүрген.