«Талдықорған қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-нің 7-8-9 ақпан күндері үш күнге созылған «Парақ тайм-2024» атты кітап жәрмеңкесі өз мәресіне жетті. Жәрмеңкенің жабылуына қаламыздың ардагерлері,ақын-жазушылар,балалар,жасөпірімдер,мұғалімдер,қала тұрғындары қатысты.
Жәрмеңкеде «Атамұра», «Асыл қазына» дүкендері ақын жазушылардың кітаптары қолжетімді бағада ұсынды. Рухани шараға халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуат Қайранбаев, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қайрат Бестібаев және Қазақстан Жазушылар одағының Жетісу облыстық филиалының төрағасы, Мәдениет саласының үздігі, ақын Жангелді Немеребай, жазушы Ж.Балақаранова, ақын, журналист Қажет Андас көпшілік қауымға ақ тілектерін айтып, кітапхана қорына кітаптарын сыйға тартты.
Сондай-ақ, жиналған жұртшылық «Бақ жұлдыз» медиа орталығының жас актрисасы, «Аула сақшылары» кино жобасының басты кейіпкері, конкурстардың жүлдегері Гүлсина Сабажанқызының орындауында Оспанхан Әубәкіровтың «Жеңешемнің кірпігі- ай»! монологын, «Бақ жұлдыз» продюсерлік жобасының мүшесі Таңатар Кәусар»Елім менің» әнін тамылжыта орындады. Ал Кәусар Джумажан Абай Құнанбаевтың «Ғылым таппай мақтанба», Айдана Төлеген , Кәусәр Дүйсенбай,Медина Нұржанқызы Мұқағали Мақатаевтың «Отан», «Ана сен бақыттысың» тағы басқа өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.
Кітапхана директоры Күлпан Калкенқызы жәрмеңкеге балалар, жасөспірімдер, ақын-жазушылар, студенттер, мектеп кітапханашылары, қала тұрғындары қызығушылық танытқанын айтып, кітаптың құдіреті турасында ойын білдірді. Осы кітап жәрмеңкесіне оқушылар мен ата-аналар, ұстаздар қауымы белсене қатысты. Шараның сәтті өтуіне қолдау білдіріп, жағдай жасаған Оқушылар сарайының директоры Ляззат Есболоваға, «Атамұра», «Асыл қазына» сауда дүкендеріне, ақын-жазушыларға, өнерлерімен жәрмеңкенің сәнін келтірген балалар мен жастарға, барлық оқырмандарға Күлпан Сейітжанова шексіз алғысын білдіріп, шараны қорытындылады. Кітапты қолға ұстап, оқығаның өз маңызы зор. Сондықтан да болар, балалардың кітап мұқабасы көріп, сатып алып жатқандығының да куәсі болдық. Төменгі сынып оқушысы Адия Еркешқызы кітапхана қорындағы әдеби кітаптарды жаздыртып алып оқитын жас оқырмандардың бірі екен. Дүкендерге жаңадан түсетін кітаптарды да сатып алып оқиды екен.
Жәрмеңке кезінде баспадан шыққан кітаптарға да сұраныс көп болды. Сатушылардың айтуынша, белгілі ақын-жазушылардың жүздеген дана кітаптары сатылыпты.