Биыл Ауғанстандағы сұрапыл соғыстың аяқталғанына 35 жыл толып отыр. Ауған соғысына елімізден 22 мың адам қатысты. 1979-1989 жылдар арасында ұмытылмас соғысты бастан кешкен ардагер ағаларымыз құрметке лайық.
Еркін ауылындағы Есжан Берліқожаұлы атындағы № 11 орта мектеп кітапханасында «Ауған алауы жадымызда» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сурет салу арқылы сұрапыл соғыстың бейнесі, оқушыларымызға көзбен көргендей әсер беретіні анық. Осындай іс-шаралар өткізуде мектеп кітапханашылары Айгерім Серікқалиқызы мен Бақытгүл Төлепалдықызының еңбегін атап айту қажет. Сонымен қатар оқушылар сахналық көрініс көрсетті.
Ауған соғысы ардагерлері Бахтыбаев Ержан Қамбарұлы мен Омаров Амангелді Жұмаханұлы бастан өткен оқиғалары турасында балаларға айтып берді. Ардагерлердің төсінде жарқыраған медалдарды не үшін алғандары турасында да көрермендер сұрап білді.
Сондай-ақ, Ауған соғысының батыры, «Қара майор» Керімбаев Борис Төкенұлын еске алуға арналған волейбол ойынына оқушыларымыз қатысып жүлделі 2 орынды иеленді. Осы секілді іс-шараларды кеңінен насихаттауға мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Мадина Қанатқызы мен Біржан Кенжеханұлының, педагог ұйымдастырушы Әбілхайыр Әділғазыұлы атсалысып келеді. Бұл шаралардың мақсаты — сапалы білім берумен қоса оқушыларымыздың бойына патриоттық сезімді қалыптасу. Осындай жұмыстың нәтижесінде болашақта мектебімізден үлкенді сыйлайтын, ұлтын құрметтейтін, елжанды азаматтар шығатынына кәміл сенеміз.
Ерлан Еркінбеков,
«Еркін ауылындағы Е.Берліқожаұлы атындағы
№ 11 орта мектебі» КММ-нің директоры