Жамал Нұратайқызы: Сайлаушылардың мүдделерін қорғау – депутаттық парыз

358

Биыл 2024 жылы баршаға белгілі, халық пен билік арасындағы алтын көпір әртүрлі деңгейдегі мәслихаттардың құрылғанына аттай 30 жыл толып отыр. Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты Жамал Нұратайқызы Нұрлыбаевадан атқарып жүрген қызметі турасында сұраған едік.

 Жамал Нұратайқызы білім саласының  үздік қызметкері, көп жылдар бойына мектептерде басшылық қызмет атқарды. Қазіргі уақытта «Жетісу облысы білім басқармасы» ММ, «Әдістемелік орталығы» КММ-нің әдіскері қызметін атқаруда.

Жамал Нұратайқызы, еліміздегі оң өзгерістерге куә болып, халықтың сайлаған депутаты ретінде көптеген істерді белсенді атқарып келесіз. Солардың бірқатарына тоқталсаңыз.

-Мен  Талдықорған қалалық мәслихатының IV,V,VI,VII,VIII шақырылымдарға  депутат болып,  жұртышылықтың сенімін арқалап келемін.   Өзім  сайланған №6 округте  7619 тұрғын тұрады. Мәслихатта бірнеше тұрақты комиссия жұмыс жасайды. Сондағы  «Заңдылықты сақтау, қала құрылысы, тұрғын үй шаруашылығы және  жол-көлік инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссия төрайымымын.

— Мәслихатта өткен бес шақырылымға қандай маңызды мәселелер депуттаттардың араласуымен шешілді?

—  Мәслихат сессияларында әрдайым халық игілігі үшін атқарылатын мәселелер қаралып келеді.  Мәселен, қала бойынша  көптеген   маңызды мәселелер өз шешімін тапты.

 Өткен шақырылымдарда Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты қызметінде қаланың солтүстік бөлігін дамыту үшін бірқатар маңызды мәселелерді шешуге атсалыстым. Оның ішінде қаланың солтүстік бөлігіндегі дренаждық каналға қатысты  түйінді мәселені қолға алдық. Сондай-ақ, атқарылған жұмыстардың бірі — Шахворостов көшесіндегі қараусыз қалған тұрғын үйлерді қалпына келтіру және жаңғырту болды. Депутаттық  бастамамен  Желтоқсан көшесі де қамтылды, онда «Арман» зауытының ескі  ғимараты мен бұрынғы жатақхананы қайта құру бойынша табысты жұмыстар жүргізілді.

— Депутаттар ретінде  сайлаушылармен қаншалықты   тығыз жұмыс жасап келесіз?

— Біз қала тұрғындарымен  өтетін кездесулерге барып тұрамыз.  Сол кезде  тұрғындардың толғандырған  көптеген  сұрақтар келіп түседі. Соларды   облыс орталығындағы жауапты мекемелерге барып ақылдасып,  бірлесе шешуге тырысамыз. Оларға депутаттық сауалдар жолдап, жауаптар аламыз.  Мәселен,  «Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй –коммуналдық шаруашылық  басқармасы» ММ–іне хат жолданып, қаладағы газ және газбен жабдықтау мәселесі,  «Агропромышленник» саяжай қоғамын газ тарату желілерінің құрылысы, Мойнақ ауылын газдандыру мәселесі, Ынтымақ шағын ауданын көгілдір газбен қамту   мәселесі  бойынша депутаттық сауал  жолданған болатын.  Бұл іс  2024 жылдың соңына дейін жоспарланған. Пригородное шағын ауданы газ тарату желілерінің құрылысы толық газдандыру мәселесі 2022 жылы толық газдандырылды.

-Өзіңіз білім саласының қызметкері ретінде де білім мен  тәрбие, елжандылық рухта балаларды тәрбиелеуге үлес қостыңыз. Осындай игі істердің бірқатарына тоқтала кетсеңіз.

-Білім алушылардың патриоттық сезімін ояту, елін, жерін аялауға  тәрбиелеу мақсатында қалада 2017 жылы №7 мектептің базасында алғаш құрылған патриоттық «Жетісу тарландары» клубы бүгінгі күнге дейін көптеген жетістіктерге қол жеткізді. 2018 жылы «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны, командалық есепте 1-орын, «Жасұлан-2018» жалпы командалық есепте бас жүлде, 2020 жылы «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны, командалық есепте 2-орынға ие болғандығын айтқан жөн.

«Әр бала мектепке баруы керек» жобасы аясында, 2019 жылы ашылған КПИ инклюзияны қолдау орталығы кабинетінің жұмысында  әр бала  қолдауды сезініп, бүгінгі күні ұстаздар жемісті еңбек етуде.

-Депутаттық парыз деген сіз үшін қандай ұғым?    

-Депутаттық парыз — бұл өз сайлаушыларының  мүдделерін  қорғау, заң шығару процесіне қатысу және қаланың экономикасы,  халықтың  әл-ауқаты мен дамуына қатысты мәселелерді шешу міндеті болып табылады. Талдықорған қаласының мәслихатындағы менің рөлім -қоғамға қызмет ету, оның игілігі үшін жұмыс істеу.  Алдымызда  үлкен міндеттер бар. Қашанда сайлаушылардың өтініштерімен жұмыс жасауда белсенділік таныта береміз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз