Жетісу облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» филиалы 2023 жылы 11 мыңға жуық азаматтық хал актілеріне өзгерістер енгізді. 2024 жылдың қаңтар айының алғашқы онкүндігінде ғана 3 мың адам деректерді жаңартуға өтініш білдірген. Көбінесе қазақстандықтар отбасының құрамын растау және балалары туралы ақпаратты енгізу үшін түзетулер енгізеді.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Ұлттық қор — балаларға» жобасы іске қосылды. Еліміздегі барлық балалар бағдарламаға сәйкес жыл сайын Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің бір бөлігін алатын болады. Ата-аналар, қорғаншылар, қамқоршылар eGov.kz порталында азаматтық хал актілеріндегі балалар туралы мәліметтерді тексереді.
Ақпаратты өзектендіру мүдделі тараптың өтініші бойынша жүзеге асырылады. Тіркеу жазбасы «АХАТ» ақпараттық жүйесінде болған жағдайда, қызметті беруші тарап 2 жұмыс күні ішінде өзгерістер енгізеді. Аталмыш ақпараттық жүйеде түзетулер үшін негіз болатындай жазбалар болмаса, қызмет көрсету мерзімі 5 жұмыс күніне дейін ұзартылады.
Қосымша айта кетер болсақ, маңызды хабарламалар мен әлеуметтік қызметтерді уақтылы алу үшін мемлекетті отбасыңыздың құрамы туралы хабардар ету қажет. Толық және дұрыс мәліметтер базасының арқасында, мемлекет бүкіл ел және әрбір аймақ бойынша жеке, нақты демографиялық мәліметке ие болды. Бұл инфрақұрылымды — балабақшаларды, мектептерді, ауруханаларды дамытуды жоспарлауға және әртүрлі әлеуметтік бағдарламаларды әзірлеуге мүмкіндік береді.
Ақбота Оқасова,
«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ мемлекеттік корпорациясы Жетісу облысы бойынша PR менеджері