Президент Қ.Тоқаев «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты мақаласында еліміздің дамуына, халықтың әл-ауқатының арттыруына қатысты көптеген сұрақтарға жауап берді. Маңызы зор мақала болды. Толық нұсқасын қалалық газеттен оқып шықтым. Ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы саясатты жалғастыра беретіндігін жеткізді. Өткен жылдың өзінде Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты. Былтыр 700-ге жуық ауыл әкімі сайланыпты.
Президент: «Мен азаматтарымыздың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдаймын. Себебі бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бірреттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы Жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым.
Негізінен, бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр. Екінші жағынан, тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек».
Осындай жұмыс биыл да жалғасын тауып жатыр. Ел игілігі, халықтың тұрмысын жақсарту жолында көптеген шаралар жүзеге асырылып келеді. Сұхбатта ел көкейіндегі сауалдарға салиқалы жауап берілген.
Гүлсімжан Ысқаққызы,
Талдықорған қаласының тұрғыны