Баға жетпес байлығымыз – Тәуелсіздігіміз баянды болсын. Халқымыздың «Ырыс алды — ынтымақ» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық — бейбіт күн мен татулықтың темірқазығындай біздің ең басты құндылығымыз, қастерлі қазынамыз.
«Бірлік болмай тірлік болмас» деген қай заманда да, қай қоғамда да мәнін жоймайтын өнегелі өсиетті мемлекеттік саясаттың мықты бір қағидасы ете білген қазақ халқы тәуелсіздік тұғырын нығайтуда осы табанды ұстаным арқылы ұлтаралық татулыққа ұйытқы бола білді. Қазақстандық қоғамда орныққан тұрақтылық пен төзімділік, адамгершілік асыл қасиеттер ортақ мақсат жолында ізгі армандардың асуын бағындыруға күш беріп, дамудың жаңа сатысына, жаңа дәуіріне жол ашты.
Келісім мен тұрақтылық ел өркендеуі мен адамдардың жарқын болашаққа деген берік сенімінің қайнар көзі. «Берекелі болса ел, жағасы жайлау ол бір көл» деген ұлы Абай сөзін берік ұстанып, биік межелерді бағындыруда ұйымшылдықпен еңбек етейік. Құрметті жерлестер! Қадірменді Талдықорған қаласының тұрғындары! Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, береке-бірлік, жанұялық бақыт, ырыс, ынтымақ, игілік тілеймін!
Гүлжихан Истамбекова,
Жетісу облысының мемлекеттік
архивінің бас директоры