Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жариялаған «Үздік бөлім басшысы» және «Бала тілі – бал» облыстық байқаулары өз мәресіне жетті.
Күні кеше Тіл сарайында өткен салтанатты шарада байқау жеңімпаздары анықталып, жүлдегерлер марапатталды.
Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен биылғы жылы тұңғыш рет өткізіліп отырған «Үздік бөлім басшысы» байқауына аудан, қала әкімдіктеріндегі тіл саясатын жүзеге асыруға жауапты 10 бөлім басшысы қатысып, бақтарын сынаған еді. Бұл шараның мақсаты ұйымдастырушылардың айтуынша, жергілікті өңірлерде тіл саясатын жүзеге асыруға жауапты бөлімдердің жұмысын жандандыру, сала басшыларын ынталандыру және олардың өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.
Байқау қорытындысында, жүлделі I орынды Талдықорған қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Э. Мұқышева еншіледі. II орынға Алакөл ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Б. Айтахметов ие болса, III орын Панфилов ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Н. Алимовқа бұйырды. Сонымен қатар Ақсу, Ескелді, Кербұлақ, Көксу, Қаратал, Сарқан аудандары мен Текелі қаласының тілге жауапты бөлімдерінің басшылары ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Сондай-ақ, төрт кезеңнен тұратын «Бала тілі – бал» облыстық жас бүлдіршіндер байқауына аудан, қалаларда іріктеуден өткен мектепке дейiнгi бiлiм беру ұйымдарынан 7 команда қатысқан болатын.
Қазылар алқасының шешімімен I орынды Талдықорған қаласының №42 балабақшасы еншіледі. II орынға Панфилов ауданының «Таңшолпан» балабақшасы мен Текелі қаласындағы №4 балабақша ие болса, III орын Алакөл ауданының №1«Арай» балабақшасы мен Сарқан ауданы «Құлыншақ» бөбекжай балабақшасы және Қаратал ауданындағы «Балбөбек» бөбекжай балабақшасы ие болды. Бұдан бөлек, Ескелді ауданының «Алақай» балабақшасы ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Байқау жүлдегерлеріне дипломдар мен қаржылай сертификаттар табыс етілді.