
САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА
2026–2031 жылдарға арналған «ӘДІЛЕТ» партиясынан Талдықорған қалалық мәслихаты депутаттығына № 10 бірмандатты сайлау округі бойынша кандидат СЕРІКБАЙ АБУЛХАИР
ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!
Мен – жаңа буынның өкілімін. Жастардың алдында тұрған жұмысқа орналасу, кәсіп ашу, баспана алу және сапалы білімге қол жеткізу мәселелерін жақсы түсінемін. Сондықтан жастардың мүмкіндіктерін кеңейтуге және олардың бастамаларын қолдауға ерекше мән беремін.
«Мүшелтой», «Ғарышкер» шағын аудандары мен Желтоқсан, Ж. Қалиев, Л. Асанова көшелерінің тұрғындарымен бірлесе отырып, округтің инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға күш саламын.
Заманауи идеяларды, цифрлық технологияларды және ашық басқару қағидаттарын тиімді пайдалану қаламыздың дамуына жаңа серпін береді деп сенемін.
Бірлесе отырып, жастарға да, аға буынға да қолайлы, мүмкіндіктері мол әрі болашағы жарқын Талдықорғанды дамытуға үлес қосамыз!
МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ
Жастарға – мүмкіндік. Жаңа идеялар, ашықтық пен сөз бен іске жауапкершілік – менің басты ұстанымдарым.
Сіздердің өтініштеріңізге, ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізге әрдайым ашықпын. Әр тұрғынды тыңдауға, көтерілген мәселелерді зерделеуге және олардың шешілуіне ықпал етуге дайынмын.
Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!
Құрметті сайлаушылар!
Мен, Серікбай Абулхаир, білім мен кәсіби дамуды басты бағдар етіп, халықаралық және отандық білім беру ортасында білім алдым. Алғаш «Tamos Education» мекемесінде оқып, кейін Лондон қаласындағы Kaplan College-де білімімді жалғастырдым. Одан соң Астана қаласы әкімдігінің №39 кешкі мектебінде білім алып, жоғары білімді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бакалавриат бағдарламасы бойынша алдым.
Қазіргі уақытта «ASMA INDUSTRIAL» компаниясында бас директордың кеңесшісі қызметін атқарамын.
Талдықорғанның болашағы жастардың біліміне, бастамашылдығына және кәсіби әлеуетіне байланысты деп есептеймін. Осы бағытта өз білімім мен тәжірибемді қаланың экономикалық дамуына, кәсіпкерлікті қолдауға және жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға жұмсауды мақсат етемін.
Сайлауалды бағдарламам «ӘДІЛЕТ» партиясының құндылықтарына негізделген. Негізгі басымдықтарым – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал ету, жастардың кәсіби және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, сондай-ақ жергілікті басқарудың ашықтығын арттыру.
Депутаттық қызмет аясында тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштеріне назар аударып, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етуге, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылауға және халық алдында есеп беруге басымдық беремін.
Басты мақсатым – Талдықорғанның тұрақты дамуына үлес қосып, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай қалыптастыруға, жастардың әлеуетін жүзеге асыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты бастамаларды қолдау.
Құрметпен, Абулхаир Серікбай
2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР
- ЖОЛ ЖӘНЕ КӨЛІК
Жол сапасын жақсарту, қоғамдық көлік қатынасын жетілдіру және жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге қолайлы инфрақұрылым қалыптастыру мәселелерін көтеремін. Әсіресе, мектептер, жоғары оқу орындары мен жастар жиі баратын нысандар маңындағы жол қауіпсіздігіне назар аударамын.
2. СУ, ЖАРЫҚ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Қала бойынша салынатын 12 км жаңа электр желісі жобасына округтегі жеке үйлер көшелерін енгізуді ұсынамын. Аула ішіндегі жарықтандыру, су және жылумен қамту, кәріз жүйесі, тұрғын үйлердің ортақ мүлкін күтіп ұстау мәселелерін назарда ұстаймын.
- ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ
Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға арналған 10 гранттық іс-шараға жас кәсіпкерлер мен студенттерді тартамын. Кәсіпкерлік бағдарламалары, гранттар, жеңілдетілген қаржыландыру және бизнеске арналған оқыту мүмкіндіктері туралы ақпараттың кең таралуына ықпал етемін. Жас кәсіпкерлердің ұсыныстарын тиісті органдарға жеткізіп, олардың қаланың экономикалық дамуына қатысуына жағдай жасау мәселесін көтеремін. Өндірістік қуаттарды арттыруға, кәсіпорындарды жаңғыртуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған жобаларды қолдаймын.
- ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ МЕН ТАБЫС
Жастардың тұрақты жұмысқа орналасуына, кәсіби тәжірибе жинақтауына және өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беретін бастамаларды қолдаймын. Жұмыс берушілер мен білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты дамыту, тәжірибеден өту мүмкіндіктерін кеңейту және бос жұмыс орындары туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру мәселелерін көтеремін. Еңбек құқықтарының сақталуы мен қауіпсіз еңбек жағдайына да назар аударамын.
- ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ МЕДИЦИНА
Жастардың денсаулығын сақтау, спортпен шұғылдануға ынталандыру және медициналық ақпараттың қолжетімді болуы мәселелерін назарда ұстаймын. Балаларға арналған медициналық және оңалту қызметтерін дамыту жұмыстарын бақылауда ұстаймын.
- ЗАМАНАУИ МЕКТЕПТЕР ЖӘНЕ БАЛАЛАРҒА ЖАҒДАЙ
Мектептерде буллингтің, зорлық-зомбылықтың және балалар арасындағы кемсітушіліктің алдын алу шараларын күшейтуге, оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды қолдаймын. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді орта қалыптастыру, мектептерді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және арнайы мамандардың қажеттілігін шешу мәселелерін көтеремін. Оқушы орындарының тапшылығын азайту және бейімделген ғимараттарда орналасқан мектептер мәселесін шешу мақсатында 1200 оқушы орнына арналған мектеп құрылысын бақылауда ұстаймын.
- ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ
Ерікті жастарды қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға цифрлық көмек көрсетуге тартамын. Жас отбасыларға баспана бағдарламаларына онлайн өтінім беруге көмектесемін.
- САПАЛЫ БАЙЛАНЫС ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТ
Jetisu Digital IT-хабында 2031 жылға дейін өтетін 525 іс-шараның бір бөлігін округ оқушылары мен жастарына арнауды ұсынамын. Д.Қонаев, Д.Рақышев көшелеріндегі ұялы байланыс сапасын тексеремін.
- ТАЗА ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРЫЛҒАН АУЫЛДАР
2027 жылы ашылатын креативті хабтың жастарға қолжетімді болуын қадағалаймын. Қала жастарының экологиялық еріктілер тобын құруға, олардың қоғамдық бастамаларын қолдауға және оқу орындары арасында экологиялық жобалар байқауларын өткізуге ықпал етемін.
Сіздің пікіріңіз мен үшін маңызды!
Тапсырыс беруші: Серікбай Абулхаир
Талдықорған қалалық мәслихаты депутаттығына кандидаттың сайлау қоры қаражаты есебінен төленді





























