Талдықорған қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Құдайберген Нұрбек Мәлікұлы

1

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

2026–2031 жылдарға арналған «ӘДІЛЕТ» партиясынан Талдықорған қалалық мәслихаты депутаттығына № 9 бірмандатты округ бойынша кандидат ҚҰДАЙБЕРГЕН НҰРБЕК МӘЛІКҰЛЫ

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

 Қаламыздың басты байлығы – оның тұрғындары, олардың құқықтарының қорғалуы мен заңға деген сенімі. Заң үстемдігі мен тәртіп орнаған жерде ғана тұрақты даму мен өркендеу болады.

Әрбір тұрғын өз құқығын білуге, оны қорғауға және мемлекеттік органдардан әділ шешім алуға құқылы. Заң мен әділдік қағаз жүзінде ғана емес, күнделікті өмірде де нақты көрініс табуы тиіс.

Барлық мәселені бірден шешу мүмкін емес екенін түсінемін. Дегенмен судья және заңгер ретіндегі тәжірибемді тұрғындардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, заң бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың мәселелерінің заң аясында шешілуіне бағыттауға дайынмын. Мен үшін әрбір уәде нақты іспен, ал әрбір шешім әділдікпен өлшенуі тиіс.

Бірлесе отырып, заң үстемдігі сақталған, әділдік орнаған және әрбір тұрғын өзін қауіпсіз сезінетін қаланы қалыптастыра аламыз!

 МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ

 Заң алдында бәрі тең. Әрбір тұрғынның құқықтары мен мүдделерін қорғау, заң үстемдігі мен әділдікті сақтау, жауапкершілік пен ашықтықты қамтамасыз ету – менің басты ұстанымдарым.

Сіздердің өтініштеріңізге, ұсыныстарыңыз бен пікірлеріңізге әрдайым ашықпын. Әр тұрғынды тыңдауға, көтерілген мәселелерді зерделеуге және олардың заң аясында шешілуіне ықпал етуге дайынмын.

 Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!

Құрметті сайлаушылар!

Мен, Нұрбек Құдайберген, 1976 жылғы 9 шілдеде дүниеге келдім. Өмірімнің 35 жылға жуық кезеңі Талдықорған қаласымен байланысты.  Осы жылдар ішінде қаланың тыныс-тіршілігін танып, оның дамуы мен өзгерістерін көріп келемін. Талдықорған мен үшін жай ғана тұрғылықты мекен емес, өмірім мен кәсіби жолымның маңызды бөлігі.

     Қаржы және құқық салаларында білім алып, кәсіби қызметімді заң жүйесімен байланыстырдым. Мамандығым – қаржыгер және заңгер.

     Еңбек жолымда сот жүйесінде жауапты қызметтер атқарып, Ескелді аудандық сотында және Талдықорған қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында судья болып қызмет еттім. Кейін коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымдарда еңбек еттім. 2023 жылдан бастап «Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ Жетісу облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарып келемін. Ал 2026 жылғы маусымнан бастап «ӘДІЛЕТ» партиясы Талдықорған қалалық филиалының төрағасы болып тағайындалдым.

       Сот жүйесінде жинақтаған тәжірибем азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың, заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етудің маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді. Бүгінде осы тәжірибемді қоғамдық мүддеге бағыттап, тұрғындарды толғандыратын мәселелердің шешілуіне ықпал етуді басты міндеттерімнің бірі деп санаймын.

      Сайлауалды бағдарламам «ӘДІЛЕТ» партиясының құндылықтарына негізделген. Депутаттық қызметім аясында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына назар аударып, өзекті мәселелерді көтеруге, олардың шешілуін бақылауға және атқарылған жұмыстар туралы халық алдында ашық есеп беруге басымдық беремін.

Басты мақсатым – тұрғындардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, қаламыздың өзекті мәселелерінің шешілуіне ықпал ету және Талдықорғанның тұрақты дамуына қызмет ету.

Құрметпен, Нұрбек Құдайберген

           2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР

  1. ЖОЛ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ДАМЫТУ

Қала көшелері мен тоғызыншы сайлау округіндегі жөндеуді қажет ететін көшелерді анықтап, оларды жөндеу кезектілігін белгілеу жөнінде ұсыныстар енгіземін. Жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалар мен қарттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қауіпті жол учаскелерін ретке келтіру мәселесін көтеремін.Қалалық жол картасында көзделген 187 км жолды жөндеу жұмыстарының орындалуын бақылауда ұстаймын.

  1. СУМЕН, ЭЛЕКТРМЕН ЖӘНЕ ЖЫЛУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Тұрғындарды сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етуге, тозған инженерлік желілерді жаңартуға және электрмен жабдықтау тұрақтылығын арттыруға басымдық беремін. Электр желілерінің тозу деңгейін 63%-ға, жылу желілерінің тозу деңгейін 50%-ға дейін төмендету жөніндегі жұмыстардың орындалуын бақылауға қатысамын. «Жетісу» шағынауданы, «Шайқорған» тұрғын үй алабы және округтің басқа да аумақтарындағы су, электр, жылу мен көше жарығына қатысты мәселелерді және Тұрғын үйлердің шатырларын, жертөлелерін, кіреберістерін және инженерлік жүйелерін жөндеу мәселелерін жауапты мекемелермен бірлесіп қарастырамын. Аулаішілік аумақтарды ретке келтіру, балалар және спорт алаңдарын жаңарту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бастамаларын қолдаймын.

  1. КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ҚОЛЖЕТІМДІ НЕСИЕ

Шағын және орта бизнесті, отбасылық кәсіпкерлікті және жергілікті өндірісті дамытуға қолдау көрсетемін. «Іскер аймақ» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлердің жеңілдетілген несие мен мемлекеттік қолдау алу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етемін.  Жергілікті кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін талқылап, оларды шешуге бағытталған ұсыныстарды мәслихат деңгейінде көтеремін.

  1. ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН АШУ

Жол картасында көзделген кемінде 6,7 мың адамды жұмыспен қамту және жыл сайын кемінде 1,3 мың адамның жұмысқа орналасуына жағдай жасау жөніндегі міндеттердің орындалуын бақылауда ұстаймын. Жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты күшейтуге, бос жұмыс орындары туралы ақпараттың қолжетімді болуына ықпал етемін.  Жастарды, әйелдерді және еңбек нарығында қосымша қолдауды қажет ететін азаматтарды кәсіптік даярлау мен қайта даярлау бағдарламаларын қолдаймын.

  1. САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК

Партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін арттыру мақсатына қолдау көрсетіп, тұрғындар арасында профилактикалық тексерулерден уақтылы өтудің және аурулардың алдын алудың маңыздылығын түсіндіруге бағытталған бастамаларды қолдаймын.

  1. БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ БАЛАЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ОРТА

Балабақшалардағы орын тапшылығын азайту және мектепке дейінгі ұйымдардың қолжетімділігін арттыру мәселелерін көтеремін. Мектептердегі орын тапшылығын, ғимараттардың жай-күйін және оқу кабинеттерінің жабдықталуын бақылап, қажетті шаралардың қабылдануына ықпал етемін. Балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларының қолжетімділігін арттыру және бұқаралық спортты дамыту жөніндегі ұсыныстар енгіземін. Мектепке дейінгі ұйымдарда қосымша жаңа орын ашып, 2030 жылға қарай кезекте тұрған 2–6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен толық қамтуға жағдай жасалуына ықпал етемін.

  1. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ

Ұзақ мерзімді күтімді қажет ететін қарт азаматтар мен мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік сүйемелдеуге, патронаждық қызметтерге және қашықтан медициналық кеңестер алуға қолжетімділігін кеңейтемін. Мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтары үшін кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік, көлік және қоғамдық инфрақұрылым нысандарын бейімдеу жұмыстарына атсалысамын.  Отбасыларды қолдау, балалардың қауіпсіздігі және әлеуметтік осал топтардың қоғам өміріне белсенді қатысуы жөніндегі жобаларға ықпал етемін.

  1. САПАЛЫ ИНТЕРНЕТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР

«Жетісу» шағынауданы, «Шайқорған» тұрғын үй алабы және округке қарасты көшелердегі интернет пен ұялы байланыс сапасын жақсарту мәселесін көтеремін. Байланыс сапасы төмен аумақтарды анықтап, тиісті операторлар мен жауапты органдардың назарын осы мәселеге аударамын. Тұрғындардың электрондық мемлекеттік қызметтерді пайдалануына, цифрлық сауаттылығын арттыруына және онлайн қызметтерді өз бетінше алуына қолдау көрсетемін.

  1. ТАЗАЛЫҚ ПЕН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ

2026–2031 жылдар аралығында отырғызылатын көшеттердің жалпы санын кемінде 60,0 мыңға жеткізу көзделген. Көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау және жасыл аймақтарды сақтауға атсалысамын. Округ аумағындағы көшелердің, аулалардың және қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға, қоқысты уақытылы шығаруға және абаттандыру жұмыстарын жақсартуға басымдық беремін.

  1. ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Округ аумағында қоғамдық тәртіпті сақтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға ықпал етемін. Жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін жақсарту, жарықтандыруды күшейту және қажет жерлерде бейнебақылау жүйелерін дамыту мәселелерін тиісті органдар алдында көтеремін. Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қоюға ерекше назар аударамын.

Сенім. Жауапкершілік. Нәтиже!

Тапсырыс беруші: Құдайберген Нұрбек Мәлікұлы
Талдықорған қалалық мәслихаты депутаттығына кандидаттың сайлау қоры қаражаты есебінен төленді

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз