Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзі көңілден шықты. Ел Президенті өзінің мәлімдемесінде халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жаңадан құрылып жатқан үкіметке бірнеше нақты тапсырма берді.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы жанар-жағармай бағасын тез арада ретке келтіруді, шаруаларға субсидияның қолжетімді болуын міндеттеді. Қ.Тоқаевтың «мұғалім тапшы өңірлерге үздік ұстаздарды тартуымыз керек» дегені де жақсы болды. Сондай-ақ, ауыл, аудан, қалалардарда балаларға арналған арнайы спорт нысандары салынатынын естіп қуанып қалдық. Бұл жақсы бастама деп ойлаймын.

Мұнан бөлек, Президент қоғамның талқысына түскен бірнеше өзекті мәселені көтеріп, оның шешілу жолдарын қарастыру керектігін атап өтті. Соның бірі – еліміздің бас қаласында құрылысы сәтсіз басталған LRT жобасы.

«Бұл жобаға қыруар қаржы жұмсалып, қарыз алынды. Шетелдік серіктестермен келісімдер орнатылды. Одан жемқорлықтың иісі шығады. Қазір тиімді  шаралар қабылдау керек. Оны жай алып тастау қаржы мен уақытты алады. Отандық және шетелдік сәулетшілерді осы жобаны қолданудың жолын табу үшін шақыру керек», — деді.

Сонымен қатар, Қ.Тоқаев үкіметке «Операор РОП» компаниясының қайта өңдеу ақысын жинаумен айналысуын тоқтатуды тапсырды. Президент оны мемлекеттік орган жүзеге асыру керектігін айтты.

Қытаймен шекарадағы мәселені ретке келтіріп, жауапты мамандарға ол жаққа тексеріс жүргізуді тапсырды. Шыны керек, қазір шекарада көліктер дұрыс тексерілмейді, салық пен кеден төленбей жатыр. Президенттің осыған да арнайы көңіл бөліп отырғаны бізді қуантады.

Мемлекет басшысы жасы ұлғайған шенеуніктерді қысқарту керектігін де назардан тыс қалдырмады. Өте құптарлық бастама. Себебі, қазір олар жастардың өсуіне мүмкіндік бермей, мемлекеттік аппараттың тиімділігін төмендетіп, бекерге отыр. Меніңше, ондай шенеуніктермен оңай қоштасу керек. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер, депутаттар мен әкімдердің жалақысын көтеруге бес жылға мораторий жариялады. Бұл да әділетті шешім деп ойлаймын.

Жалпы, Президент өзінің мәлімдемесінде мемлекеттік органдар саннан сапаға, есептен іске көшуі керегін баса айтты. Маған сонысы қатты ұнады. Енді жаңадан тағайындаған Үкімет басшысы және оның командасы Қ.Тоқаевтың тапсырмаларын бұлжытпай орындап, әрі халық үніне құлақ асып, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарады деген ойдамыз. Нәтижесін, алдағы уақытта көреміз. Қазақстанымыз дами берсін!

Ержан ДАНАБЕКОВ,

«Ауған соғысы ардагерлері үйлестіру кеңесінің» және

«Жауынгерлік бауырластық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK