Талдықорған қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Қауысбеков Владимир Оналбайұлы

1

2026–2031 жылдарға арналған «ӘДІЛЕТ» партиясынан Талдықорған қалалық мәслихаты депутаттығына № 5 бірмандатты сайлау округі бойынша кандидат ҚАУЫСБЕКОВ ВЛАДИМИР ОНАЛБАЙҰЛЫ

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

 Таза көше, жарық аула, сапалы жолдар мен үздіксіз коммуналдық қызметтер – тұрғындардың жайлы өмір сүруінің маңызды негізі. Қаланы абаттандыру саласындағы көпжылдық тәжірибем бұл мәселелердің күнделікті өмірге тікелей әсер ететінін жақсы түсінуге мүмкіндік берді.

       Мен үшін ұсақ мәселе жоқ. Уақтылы шығарылмаған қоқыс, жанбай тұрған көше шамы немесе жөндеуді қажет ететін тротуар – әрқайсысы назардан тыс қалмауы тиіс. Өйткені қаланың тазалығы мен жайлылығы нақты істерден басталады.

       Бірлесе отырып, Талдықорғанды таза, көрікті, жасыл желекке бай әрі тұрғындары үшін қолайлы қалаға айналдырайық!

 МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ

  Тазалық, тәртіп және жауапкершілік – менің басты ұстанымдарым. Қаланы абаттандыру, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру және олардың жұмысын бақылау, әр тұрғынның мүддесін әділ ескеру – негізгі басымдықтарымның бірі.

      Сіздердің өтініштеріңіз бен ұсыныстарыңызға әрдайым ашықпын. Әр тұрғынның пікірін тыңдап, көтерілген мәселелерді зерделеуге және олардың шешімін табуға бар күшімді саламын.

 Сайлауға келіңіздер! Маған дауыс беріңіздер!

«Тазалық – өркениетті қоғамның айнасы, дамуға ұмтылған кез келген елдің мызғымас ұстанымы.»

                        Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Құрметті сайлаушылар!

Мен, Қауысбеков Владимир Оналбайұлы, 1980 жылғы 4 қаңтарда дүниеге келдім. Өмірім мен еңбек жолымды Талдықорған қаласының дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағыттап келемін.

      2001 жылы Жетісу мемлекеттік университетін ағылшын тілі мұғалімі мамандығы бойынша, 2007 жылы Бағалау және құрылыс академиясын сарапшы-бағалаушы мамандығы бойынша тәмамдадым.

      Еңбек жолымды 2001 жылы білім беру саласында бастадым. Кейін Көксу аудандық білім бөлімінде, Еркін ауылдық округінде және Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында түрлі қызметтер атқардым. Қала әкімінің аппараты мен қалалық мәслихат аппаратын басқардым. 2012 жылдан бері «Талдықорған Көркейту» ЖШС директоры қызметін атқарып келемін.

      Көпжылдық еңбек тәжірибем қала шаруашылығын басқару, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру және тұрғындарды толғандырған мәселелерді шешу бағытында жинақталды. Бұл жұмыстар қаланың тазалығын сақтау, көшелер мен аулаларды абаттандыру, жасыл желектерді күтіп ұстау және инфрақұрылымды жақсарту мәселелерінің маңызын терең түсінуге мүмкіндік берді.

      Талдықорғанның әрбір шағынауданы таза, қауіпсіз әрі жайлы болуы керек. Сапалы жолдар, жарық көшелер, абаттандырылған аулалар мен жасыл қоғамдық кеңістіктер – қала тұрғындары үшін маңызды қажеттіліктер.

      Менің сайлауалды бағдарламам «ӘДІЛЕТ» партиясының құндылықтары мен басымдықтарына негізделген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жетілдіру, экологиялық тазалықты қамтамасыз ету, жол және көше инфрақұрылымын дамыту, қаланы абаттандыру және жергілікті басқарудың ашықтығын арттыру негізгі бағыттарым болып табылады.

      Депутаттық өкілеттігім шеңберінде тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын назарға алып, өзекті мәселелерді тиісті мемлекеттік органдар алдында көтеруге, олардың шешілу барысын бақылауға және атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп беруге басымдық беремін.

      Менің басты мақсатым – Талдықорған қаласының көркеюіне үлес қосу, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру және тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.

                                                                          Құрметпен, Қауысбеков Владимир

           2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР

  1. САПАЛЫ ЖОЛ ЖӘНЕ ҚОЛАЙЛЫ КӨЛІК

№5 сайлау округіндегі жол инфрақұрылымын жақсартуға күш саламын. Қала бойынша 2031 жылға дейін 187 шақырым жолды жөндеу жоспарының орындалуын бақылауда ұстаймын. Жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін арттыруға, көше жарығын жақсартуға және қоғамдық көлік қызметінің сапасын көтеруге басымдық беремін. Қоғамдық көлік бағыттарының қолжетімділігі мен қозғалыс кестесінің сақталуына қатысты тұрғындардың өтініштерін тиісті органдарға жеткізіп, олардың шешілуін қадағалаймын.

  1. ТҰРАҚТЫ КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ЖӘНЕ ЖАЙЛЫ БАСПАНА

Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру, балалар ойын алаңдарын жаңарту және ортақ мүлікті күтіп ұстау мәселелерін шешуге атсалысамын. Апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерге қатысты мәселелерді тиісті органдармен бірлесіп қарастырып, тұрғындардың қауіпсіз баспанаға қол жеткізуіне бағытталған шараларды қолдаймын.

  1. КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУ

Қалада шағын бизнес нысандарын ашуға, қызмет көрсету саласын дамытуға және жергілікті кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жобаларды қолдаймын. Жергілікті тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерді қолдау, олардың өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін көтеремін.

  1. ӨНДІРІС ПЕН ИНВЕСТИЦИЯНЫ ДАМЫТУ

2031 жылға дейін Талдықорғанда өнеркәсіп саласындағы 7 инвестициялық жобаны іске қосу жұмыстарын бақылауда ұстаймын. Жергілікті кәсіпорындарды жаңғырту, жаңа өндіріс орындарын ашу және өңдеу өнеркәсібін дамыту бастамаларын қолдаймын.

  1. ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫС ЖӘНЕ ЛАЙЫҚТЫ ТАБЫС

Жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған кәсіпкерлік және өндірістік жобалардың жүзеге асырылуына ықпал етемін.  Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадр даярлау мәселесінде колледждер мен жергілікті кәсіпорындардың өзара байланысын нығайтуға атсалысамын.

  1. ҚОЛЖЕТІМДІ ӘРІ САПАЛЫ МЕДИЦИНА

Денсаулық сақтау нысандарын жөндеу, медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету және жаңа медициналық нысандар салу жөніндегі бастамаларды қолдаймын. Аурулардың алдын алу, скринингтік тексерулерден өту және тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы жөніндегі ақпараттық жұмыстарды қолдауға атсалысамын.

  1. САПАЛЫ БІЛІМ ЖӘНЕ БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ

Балалар мен жастардың спортпен тұрақты айналысуы үшін спорт алаңдарын салу, қолданыстағы алаңдарды жөндеу және спорт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бастамаларды қолдаймын. Ауылдық және қалалық балалардың сапалы білім мен қосымша білім беру мүмкіндіктеріне тең қол жеткізуіне бағытталған жобаларды қолдаймын.

  1. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҚОЛЖЕТІМДІ ОРТА

Оңалту қызметтерінің, әлеуметтік сүйемелдеудің және арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру жөніндегі бастамаларды қолдаймын. Аға буын өкілдерінің қоғамдық өмірге белсенді қатысуына, цифрлық сауаттылығын арттыруына және әлеуметтік қызметтерді алуына қолайлы жағдай жасауға атсалысамын.

  1. ЦИФРЛЫҚ МҮМКІНДІК ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ ҚЫЗМЕТ

Тұрғындардың өтініштерін қабылдау, олардың қаралу барысын бақылау және нәтижесі туралы кері байланыс беру тетіктерін жетілдіруге ықпал етемін. Жастардың цифрлық сауаттылығын, бағдарламалау мен жасанды интеллект құралдарын меңгеру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жобаларды қолдаймын.

  1. ТАЗА, ЖАСЫЛ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРЫЛҒАН ҚАЛА

Ағаш отырғызу, жасыл желектерді сақтау және суару жүйелерін күтіп ұстау бойынша экологиялық бастамаларды қолдаймын.  Көшелер мен аулаларды жарықтандыру, қараусыз қалған аумақтарды ретке келтіру және қоғамдық орындардың қауіпсіздігін арттыру мәселелерін көтеремін. Тұрғындарды абаттандыру жұмыстарына тартуға, қоғамдық талқылаулар өткізуге және азаматтардың ұсыныстарын жергілікті жобаларды жоспарлау кезінде ескеруге ықпал етемін.

 Сіздің пікіріңіз мен үшін маңызды!

Сіздің сеніміңіз – нәтиже үшін жауапкершілік!

Әрбір шешім – туған өлкенің игілігі үшін!

Тапсырыс беруші: Қауысбеков Владимир Оналбайұлы
Талдықорған қалалық мәслихаты депутаттығына кандидаттың сайлау қоры қаражаты есебінен төленді

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз