Бейбіт Исабаев: «Таза Қазақстан» аясында Жетісуда «Тамшыбұлақты» төртінші экопарк ретінде дамыту қолға алынады»

Жетісу облысы Қапал ауылындағы «Тамшыбұлақты» «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында экопарк ретінде дамыту жоспарланып отыр. Бұл өңірдегі төртінші экопарк болмақ. Ол жайында облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ақсу ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы, туризм саласы – облыс экономикасының маңызды бағыттарының бірі. Өңір басшысының айтуынша, 2023-2025 жылдары бұл салаға мемлекеттік бюджеттен 50,7 млрд теңге бөлінсе, биыл 23,1 млрд теңге қарастырылды, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен 17,8 млрд теңгеге 23 демалыс аймақтары салынуда. Туристердің жайлы демалысы үшін қажетті инфрақұрылымдарды дамыту жұмыстары жалғасуда. Алакөл жағалауын нығайту бөгеттерінің және кәріз тазарту қондырғыларының (КОС) құрылысы жүріп жатыр. Сол сияқты Балқаш көлінің жағалауындағы инженерлік-коммуникациялық желілердің құрылысы аяқталуға жақын. Көл жағалауында коммуналдық жағажайлар салынуда, осындай 3 жағажай болады. Ендігі кезекте жағалауды абаттандырып, демалыс аймақтарын салу және жеке инвесторларды тарту жұмыстары атқарылады.

Ал экологиялық туризмді дамыту бағытындағы үлкен жоба – Ескелді ауданында орналасқан «Бұрқанбұлақ» сарқырамасына апаратын жолдың құрылысы келесі жылы аяқталады.

— Ақсу ауданында да туризм саласын дамытуды қолға алу қажет. Әсіресе, таулы және экологиялық туризм бағыттарын жандандыру арқылы ауданның туристік әлеуетін арттырып, аудан экономикасын көтеруге толық мүмкіндіктер бар. Осы бағыттағы перспективалы нысандардың бірі – Қапал ауылында орналасқан «Тамшыбұлақ» табиғи нысаны. Аталған нысанға келушілерге қажетті жағдай жасау және туристік маршруттарға енгізу мәселелерін қарастыру қажет. Сметасын әзірлеңіздер. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Тамшыбұлақ» эко-паркін қолға аламыз, — деді Б. Исабаев.

Атап өтсек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде бұған дейін 3 экопарк — «Қойтас», «Тасбақа» және «Серкесай» құрылған болатын. Болашақта «Тамшыбұлақ» экопаркі солардың қатарына қосылмақ.

Жалпы, облысқа жыл сайын 2 миллионнан астам турист келеді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз