Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Жетісу облысында «Жетісудың 7 қазынасы: Тамшыбұлақ» экологиялық акциясы өтті. Акцияға қатысушылар Ақсу ауданындағы әйгілі Тамшыбұлақ бұлағының маңына 35 шырша отырғызып, өңірдің табиғи және тарихи-мәдени көрікті жерлерін насихаттауға бағытталған облыстық жобаны бастап берді. Ағаш отырғызу шарасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Іс-шараны «Jetisy jastary» КММ ұйымдастырды. Ағаш отырғызу жұмыстарына Қапал орман шаруашылығының қызметкерлері де қатысты.
«Jetisy jastary» директоры Арнай Байжұрыновтың айтуынша, жоба көрікті жерлердің тазалығын сақтауға, тарихи мұраны насихаттауға және облыстың көрікті орындарына деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Іс-шара бағдарламасы аясында келушілерге бұлақтың тарихы мен мәдени құндылығын таныстырылды.
Акцияға қатысушылардың бірі, Қапал кәсіптік-техникалық колледжінің 1-курс студенті Диана Абуталипова әсерін бөлісті. Ол бұл іс-шараның түрлі мәдениет өкілдері мен әр буынның басын қосқанын айтады. Сондай-ақ ол туған ауылының біртіндеп көркейіп, абаттанып, туристер үшін тартымды бола түскенін атап өтті.
— Отырғызылған шыршалар уақыт өте келе табиғи ландшафтың бір бөлігіне айналады әрі біздің бірлесіп жасаған еңбегімізді еске салып тұрады. Мұндай бастамалар табиғатқа қамқорлық нақты істерден басталатынын көрсетіп берді. Ал табиғи мұраны сақтау әр адамның атсалысуын қажет етеді, — деді ол.
«Жетісудың 7 қазынасы» жобасы арқылы Жетісудың табиғи және тарихи ескерткіштерін насихаттау жұмысы жалғастырылады. Жобаның басты мақсаты — туған өлкенің байлығына қоғам назарын аударып, келер ұрпаққа аманат етіп қалдырылатын мұраларымызға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Қанат Өмірәлинов




























