Жетісу облысының Ақсу ауданында соңғы 3 жылда білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларындағы 23 жаңа әлеуметтік нысан салынып, 5 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Жалпы, аталған кезеңде облыста әлеуметтік нысандардың жаңару деңгейі орта есеппен 55,8%-ды құрады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде мәлім болды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, осы уақытқа дейін күрделі мәселеге айналған Ақсу аудандық ауруханасындағы жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Өткен аптада аурухана пайдалануға беріліп, жаңа медициналық жабдықтармен қамтылды. Қазіргі уақытта медициналық мекеме жұмысын бастады.
— Келесі жылдың бюджетінде аудан тұрғындарына қажетті компьютерлік томограф пен оттегі станциясын орнатуға қаражат қарастырылған. Енді аудан тұрғындары компьютерлік томографиядан өту үшін облыс орталығына бармайды. Сонымен қатар былтырғы кездесуде аудан тұрғындары көтерген мәселені ескере отырып, Қарашілік ауылында блокты-модульді медициналық пункт орнатылды. Бұдан бөлек, Қызылағаш ауылында шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған трассалық медициналық-құтқару пунктінің құрылысы жүріп жатыр. Онда тәулік бойы жедел медициналық көмек көрсетіледі. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған, – деді Б. Исабаев.
Білім беру саласында биыл Көшкентал ауылында бұрынғы бейімделген ғимараттың орнына 180 орынды мектеп пен 75 орынды шағын орталық пайдалануға берілді. Мектепте 18 орынды оқу залы бар кітапхана, 40 орынды асхана, 124 орынды спорт және акт залдары қарастырылған. Сондай-ақ физика, химия, биология пәндеріне арналған кабинеттерді, екі мультимедиалық кабинетті қамтитын жаңа үлгідегі оқу кабинеттері жабдықталған. Бұған қоса, қыздар мен ұлдарға арналған шеберханалар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Мәдениет саласында өңірде 3 мәдениет үйі пайдалануға берілді. Оның екеуі биыл Ақсу ауданындағы Матай, Есболатов ауылдарында ашылды. Қапал ауылындағы мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жылыту қазандығы ауыстырылды.
Бұған дейін жеке ғимараты болмаған аудандық кітапханаға Жансүгіров ауылындағы балалар спорт мектебінің ғимараты берілді. Бұл кітапхананың жұмысына қолайлы жағдай туғызды.
— Сонымен қатар Арасан ауылындағы 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы әлі аяқталған жоқ. Қазіргі уақытта нысанның жалпы дайындық деңгейі 73%. Осыған байланысты аталған нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беруді тапсырамын. Сондай-ақ биыл «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен Ақсу аудандық М. Байсақұлы атындағы мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және аумағын абаттандыруға 150 млн теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды келесі жылдың көктемінде аяқтау қажет, – деген өңір басшысы аудан әкіміне тиісті тапсырмалар берді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов және фотосуреттерді Ақсу ауданының әкімдігі де ұсынды.




























