Өтіп жатқан Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауында Талдыбұлақ ауылындағы №222 сайлау учаскесіне ерекше қонақ – төрт егізді дүниеге әкелген көпбалалы ана Альмира Бекеева келіп, дауыс берді.
Бір мезетте төрт сәбидің анасы атанған Альмираның өнегелі отбасылық тарихы көпшілікке жақсы таныс. Төрт бүлдіршінді тәрбиелеп отырған ана отбасылық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, елдің қоғамдық-саяси өміріне де белсенді араласады. Оның айтуынша, бүгінгі таңдау – ең алдымен балалардың жарқын болашағы мен өңірдің гүлденуі үшін жасалған маңызды қадам.
«Әрбір ана үшін балаларының бейбіт, дамыған әрі жайлы ортада өскені маңызды. Сайлауға қатысу – біздің отбасымыздың, балаларымыздың ертеңіне деген жауапкершілігіміз. Болашақ әрқайсымыздың бүгінгі таңдауымыздан басталады. Барша ата-аналарды белсенділік танытып, өз дауысын беруге шақырамын!», – деді Альмира Бекеева.
Көпбалалы ананың белсенді азаматтық ұстанымы – отбасы институтының нығаюы мен жас ұрпаққа берілер тағылымды тәрбиенің айқын көрінісі.





























