Жетісу облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және тұрғындармен тиімді кері байланысты нығайту мақсатында «Жолда қабылдау» республикалық акциясы өтуде.
Іс-шараға Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ өкілдері және прокуратура қызметкерлері қатысты.
Акция барысында тұрғындар жол қозғалысы қағидалары, әкімшілік заңнама, автомобиль жолдарының жай-күйі, жол белгілерін орнату, жол инфрақұрылымын жетілдіру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша сауалдарын қойды.
Әрбір өтініш бойынша сала мамандары түсіндірме беріп, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын нақтылады. Сонымен қатар азаматтарға жол қозғалысына қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау қажеттігі жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Жолда қабылдау» акциясының негізгі мақсаты – тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қою, жол қауіпсіздігі саласындағы өзекті мәселелерді ашық талқылау және мемлекеттік органдар мен халық арасындағы тиімді кері байланысты қамтамасыз ету.
Жетісу облысының полициясы мұндай ашық форматтағы кездесулер азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Дереккөз: ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми сайты
Жолда қабылдау: Жетісуда полицейлер тұрғындардың сауалдарына жауап берді





























