Жетісуда бидай мен арпа толығымен жиналып бітіп, келесі жылға егін егу басталды

Жетісу облысында егін жинау науқаны жоспарға сәйкес жүріп жатыр, сонымен қатар келесі жылдың егінін себу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні бидай мен арпа толығымен жиналып бітіп, 228 мың гектардан 494,0 мың тонна өнім жиналды. Яғни өнім өткен жылғы көрсеткіштен 110 мың тонна артық алынды. Бұл ретте орташа өнімділік гектарына 22,0 центнерді құрады. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш гектарына 16,4 центнер болған, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, барлығы 228 мың гектардың 88,6 мың гектары — бидай, оның 65,6 мың га күздік бидай. Арпа 137,8 мың гектардан жиналды, оның 210 га күздік арпа. Оған қоса сұлы 1,6 мың га жерден орылды.

Жиналған астықтың 241,7 мың тоннасы қоймаларға құйылды, 238 мың тоннасы мал азығына сатылды. Атап өтсек, өңірде жалпы сыйымдылығы 713,5 мың тонна болатын 486 астық қоймасы бар.

Сонымен қатар дәндік жүгеріні ору жұмыстары Ақсу, Панфилов аудандарында жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге 1140 гектар орылып, 9,0 мың тонна өнім алынды. Майлы дақылдардың ішінде мақсары, зығыр,  майбұршақ шабылуда. Картоп пен көкөністің 67% жиналды. Бақша дақылдарын жинау да қарқынды жүруде, оның 86% жиналды. Сол сияқты күріш ору да басталды, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Сондай-ақ жоспарланған 65,1 мың гектар күздік бидайды себу жұмыстары Ақсу, Ескелді, Көксу, Сарқан аудандарында және Талдықорған қаласында басталып, бүгінгі күнге 3,3 мың гектарға күздік бидай себілді. Оған қоса жоспарланған 130,1 мың гектар сүдігердің 12,5 мың гектары көтерілді.

Осылайша, Жетісу облысында егін жинау науқаны жоспарға сәйкес жалғасуда. Сонымен қатар келесі жылға арналған өнім себіліп жатыр.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Фотограф: Дмитрий Ерофеев 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз