Төрт ұрпаққа жалғасқан дәстүр: талдықорғандық отбасы ұлттық ыдыс дайындау өнерін қалай сақтап отыр

Жетісу облысының Талдықорған қаласында тұратын қолөнершілер әулеті қазақтың ұлттық ағаш ыдыстарын жасау өнерінің қыр-сырын төртінші ұрпаққа сақтап жеткізіп отыр. Олар әр бұйымында дәстүр мен шығармашылықты үйлестіре біледі. Бүгінде дарынды әулет отбасылық кәсіпті бизнес көзіне айналдырып, өз өнімдерін Қытай мен Моңғолияға экспорттап отыр, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

IT саласында білім алған жас кәсіпкер Өркен Сәйдібекұлының әкесі 2008 жылы тарихи Отанына оралып, осы істі бастаған болатын. Бүгінде ұлы әке жолын жалғастырып келеді. 2011 жылы ашылған «Шеру» цехын дамытуға отбасының барлық дерлік мүшесі Яғни отбасылық кәсіптің негізін қалаған әкесі Сәйдібек, анасы Күлсия, жары Күлина және ағасы Ершат атсалысуда. Қазіргі таңда олар ұжымымен бірге ұлттық нақыштағы ағаш ыдыстардың шамамен 10 түрін жасайды. Кәсіп иелеріне жұмыспен қамту мәселелері бойынша қалалық «Мансап» жұмыспен қамту орталығы да қолдау көрсеткен.

– Алғашында бізде небәрі 5-6 арнайы станок болды. Ол кезде ыдыстың 2-3 түрін ғана жасайтынбыз, тапсырыс та аз еді. Соған қарамастан жұмысымызды жалғастырып, кәсібімізді тоқтатпадық. Біртіндеп арнайы цех салып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Бұл жерде ақпараттық технологиялар саласындағы білімімнің пайдасы тиді. Қазір шеберханада 50-ге жуық станок бар. Соның арқасында ағашты сапалы өңдеп, өнім түрлерін кеңейтуге мүмкіндік туды, – дейді Өркен Сәйдібекұлы.

Шеберханадағы жұмыс бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен қажетті ағаш мұқият таңдалып, сапасы мен тығыздығына қарай сұрыпталады. Шеберлер шикізатты Семей, Өскемен қалаларынан, сондай-ақ облыстың жекелеген аудандарынан алады. Негізінен қайың, тал, терек ағаштары пайдаланылады. Іріктелген шикізат төрт кезеңді өңдеуден өтіп, дайын бұйымға айналады.

– Ағаштың кез келген түрі ыдыс жасауға жарамайды. Кейбір ағаш түрлері суға немесе жоғары температураға төзімсіз келеді. Сондықтан біз ұзақ уақыт пайдалануға жарамды, сапалы ағашты арнайы таңдап аламыз. Ежелгі дәуірдегідей технологияларды қолданамыз, тек бір айрмашылығы — қазір біздің қолымызда заманауи құрал-жабдықтар көп. Бір бұйымды толық жасап шығару алты айға дейін созылады, – дейді шебер.

Бүгінде «Шеру» шеберханасының өнімдеріне тек Талдықорған қаласында ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де сұраныс жоғары. Ұлттық нақышта қолмен жасалған бұйымдар Қазақстанның әр аймағына жөнелтіледі. Әсіресе Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облыстарынан тапсырыс көп түседі. Сонымен қатар соңғы уақытта Моңғолия мен Қытайдан да тапсырыс саны артып келеді.

 

— Бүгінде көп адам ағаштан жасалған ұлттық ыдыстарды экологиялық тазалығына байланысты таңдайды. Біз ыдыстың ішкі бөлігін табиғи маймен өңдейміз. Сондай-ақ ағаш тостағандағы шай немесе сорпа ұзақ уақыт бойы ыстық қалпында сақталады, әрі ыдыс қолды күйдірмейді. Сонымен қатар қолдан жасалған ағаш ыдыстар өте берік болады, оларды отбасылық жәдігер ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдыруға болады. Осылайша, ұрпақтар арасындағы байланыс та нығая түседі. Біз астау, табақ, тостаған, ожау, пиала және бүгінде сәнге айналған менажницалар да жасаймыз. Қазіргі уақытта қымызға арналған жиынтықтарға сұраныс ерекше жоғары. Өйткені ағаш ыдыста қымыз өзінің балғындығы мен емдік қасиеттерін ұзақ уақыт сақтайды. Бұл ретте қымызды арнайы ожаумен құйған жөн. Бұл қымыздың оттегімен қанығып, дәмінің жағымдырақ болуына ықпал етеді, — дейді қолөнер шебері.

Цехта отбасы мүшелерімен бірге 15 адам тұрақты жұмыс істейді. Солардың бірі – шеберханада алты жылдан бері еңбек етіп келе жатқан бас шебер Ербосын Серікбайұлы.

– Бұған дейін тек астау жасайтынмын. Қазір шеберханамызда шығарылатын барлық ыдыс түрін жасай аламын, барлық станокты меңгердім. Бір текше метр ағаштан шамамен 50 астау немесе қымызға арналған 200-300 пиала жасауға болады, – дейді шебер.

Өндірістің тағы бір мүшесі – Разия Мұсаханқызы бұйымдарға ою-өрнек салумен, оларды ойып жасау жұмыстарымен айналысады.

– Бастапқыда қиын болды. Келе-келе ою-өрнек салып, оны бұйымның бетіне салуды, ойып кесуді үйрендім. Қазір алдын ала қарындашпен сызба жасамай-ақ,  ою-өрнекті бірден ойып шығамын. Қазіргі таңда бір бұйымға шамамен 10-15 минут жұмсаймын, – дейді ол.

Алдағы уақытта қолөнершілер әулеті өндірісті кеңейтіп, жаңа әрі кең шеберхана салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Өркен сапалы әрі жеңіл ағаштан домбыра, киіз үйдің ағаш бөлшектерін жасауды қолға алмақшы.

Шебер адамдар тапсырыс берген бұйымдарды жасап, қолына алып, оның жылуын сезінгендегі әсер тіпті ерекше. Шетелдік тұтынушылардың тұрмыстық бұйымдар арқылы қазақ мәдениетімен танысуына ықпал еткендерін да ерекше маңызды санайды.

Осылайша, Өркен Сәйдібекұлы өзінің отбасылық кәсібін тек кәсіпкерлік саласындағы жетістік қана емес, сонымен қатар ұлттың мәдени кодын нығайтуға қосылған елеулі үлес деп есептейді. Ал «Шеру» шеберханасы ұлттық дәстүрлер мен заманауи үрдістердің бір-біріне қайшы келмейтінін айқын көрсетіп отыр. Оның отбасының қолынан шыққан бұйымдар – жай ғана өнім емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан шеберліктің тарихы. Әрбір тостаған мен әрбір пиаладан ұлттық дәстүрді, жылылық пен қонақжайлықты байқауға болады.

Жалпы, қазіргі таңда Талдықорған қаласында 19 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, онда 41,4 мың адам жұмыспен қамтылған.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Олжас Құрмашев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз