ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ҮРДІСТЕР ЖАС ҒАЛЫМДАР ЗЕРТТЕУІНДЕ

2

Алматы қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Қазақстандағы демографиялық үрдістер: тарихы мен өзекті мәселелері жас ғалымдардың зерттеулерінде» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелікконференция өтті.

Ғылыми жиынның негізгі мақсаты – Қазақстандағы тарихи және қазіргі демографиялық үдерістерді ғылыми тұрғыдан зерделеу, халықтану саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және жас зерттеушілердің ғылыми ізденістеріне қолдау көрсету болды. Сонымен қатар конференция отандық және шетелдік ғалымдар арасында тәжірибе алмасуға, демографиялық зерттеулердің жаңа бағыттарын саралауға мүмкіндік берді.

Конференция барысында тарихи демография саласындағы жас ғалымдардың зерттеулері мен олардың халықтану ғылымын дамытуға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар Қазақстан мен іргелес мемлекеттердегі қазіргі демографиялық ахуал, ішкі және халықаралық көші-қон, аумақтық ұтқырлық пен урбанизация мәселелерін талқылады.

Бұдан бөлек, демографиялық қауіпсіздік, қазіргі кезеңдегі демографиялық тәуекелдер, мемлекеттік демографиялық саясат және халықаралық тәжірибе тақырыптары ғылыми талқылаудың маңызды бағыттарына айналды. Демографиялық өзгерістердің әлеуметтік-экономикалық және этномәдени қырларын зерттеу нәтижелері де конференцияның мазмұнын толықтырды.

Халық санының өзгеруі, көші-қон үдерістері мен урбанизация мәселелері елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін маңызды факторлардың қатарында. Осы тұрғыдан алғанда, тарихи тәжірибені қазіргі демографиялық ахуалмен сабақтастыра зерттеу және ғылыми тұжырымдарды ортаға салу конференцияның өзекті бағыттарының бірі.

Ғылыми басқосу офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, қатысушыларға пікір алмасуға мүмкіндік берді. Конференция жұмысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілді.

Шара аясында жас ғалымдардың зерттеулерін ғылыми ортада талқылауға, тарихи демография мен қазіргі халықтану арасындағы сабақтастықты айқындауға және осы саладағы ғылыми ізденістерді дамытуға басымдық берілді. Конференция материалдарының электрондық жинағы іс-шара қорытындысы бойынша жарық көреді деп жоспарланған.

Халықтың сандық және сапалық өзгерістерін ғылыми тұрғыдан зерделеу елдің демографиялық даму бағыттарын түсінуге, өзекті мәселелерді саралауға және болашаққа бағдарланған зерттеулерді қалыптастыруға жол ашады.

Мирас АБДРАХЫМ,

Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының

жетекші ғылми қызметкері,  PhD

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз