Жетісу облысында Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаеваның 90 жылдығы аталып өтті. Мерейтой аясында облыстық ғылыми конференция және басқа да тағылымды шаралар ұйымдастырылып, ардагердің өмірі жолы арқылы еңбек құндылығы дәріптелді. Мерейтойлық жиынға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, Ұлттық ғылым академиясының ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, қаламгерлер, еңбек ардагерлері, Зылиха Тамшыбаеваның жерлестері мен ұрпақтары қатысты. Конференцияда Мемлекет басшысының құттықтау хаты оқылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мерейтойлық шара Көксу ауданындағы Зылиха Тамшыбай ауылында Еңбек Ерінің бюстіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мұнан соң жиналған қауым ауылдық мәдениет үйінің фойесінде «Елге еңбегі сіңген тұлға» тақырыбындағы көрмені тамашалады. Көрмеге Зылиха Жанболатқызының өмірі мен еңбек жолын арқау еткен кітаптар, марапаттары, фотосуреттері, әр жылдарда алған құттықтау жеделхаттары, тұтынған бұйымдары және басқа да өзіне тиесілі заттары қойылды.
«Еңбекпен өрілген гүл ғұмыр» мерейтойлық конференциясында облыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
«Баршаңызды Социалистік Еңбек Ері, көрнекті қоғам қайраткері Зылиха Тамшыбаеваның туғанына 90 жыл толуына арналған конференцияның ашылуымен құттықтаймын! Зылиха Жанболатқызы саналы ғұмырын ел иглігі үшін қажырлы қызмет етуге, яғни ауыл шаруашылығын дамытуға арнады. Ол әрдайым еңбекқорлық пен іскерліктің озық үлгісін көрсетті. Зылиха Жанболатқызының ел дәулетін еселеуге қосқан үлесі орасан зор. Ол айналасына үнемі шапағатын тигізіп, жұртының риясыз құрметіне бөленді. Біз халқымыз жаппай қолдаған Конституциямызда алғаш рет еңбекқорлық құндылығына айрықша мән бердік. Бұл асыл қасиетті өскелең ұрпақтың бойына сіңіру үшін кәсібіне адалдық танытып, соңында мол өнеге қалдырған осындай тұлғалардың ғұмырын дәріптеуіміз керек», — делінген құттықтау хатта.
Мұнан соң өңір басшысы Бейбіт Исабаев:
— Елді өркендететін де, мемлекетті нығайтатын да – Зылиха апамыздай абзал азаматтардың маңдай тері мен адал еңбегі. Сондықтан бүгінде қоғамда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» қағидатын орнықтыруда, еңбек құндылығын қалыптастыруда бізге осындай мемлекетшіл, тарихи тұлғалардың өмір жолы мен еңбегі айнымас темірқазық, әрі жарқын үлгі бола алады, — деді Б. Исабаев.
Бұдан соң конференцияға қатысушылар З.Тамшыбаеваның еңбек жолы, аграрлық саладағы жетістіктері, қоғамдық қызметі, ел тарихындағы орны туралы ғылыми баяндамалар оқып, естеліктер айтты.
— Зылиха Жанболатқызы ауыл шаруашылығын, әсіресе егіншілікті, соның ішінде қант қызылшасының өндірісін сол кездегі алдыңғы қатарлы технологияға сай дамыта отырып, өнімді әр гектарынан тұрақты түрде 600-700 центнерге жеткізді. Бұл өткен ғасырдың 80-ші жылдарындағы Жетісу рекордының символына айналды. Агротехнология дамыған, жасанды интеллект өмірімізге дендей енген бүгінгі күннің өзінде мұндай көрсеткішке жетіп отырған шаруашылықтар көп емес. Зылиха Тамшыбаева мұндай үлкен көрсеткішке қажырлы еңбектің, істі білікті ұйымдастырудың арқасында қол жеткізді, — деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Ақылбек Күрішбаев.
З. Тамшыбаевамен бірге қызмет еткен азаматтың бірі ардагер Наурыз Қылышбаев та Еңбек Ерінің ерекше болмысына тоқталды:
— Кезінде мемлекет қайраткері, көрнекті тұлға Д. Қонаев Жетісу өңіріне келген сапарларының бірінде «Нұрмолда Алдабергенов, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев және Зылиха Тамшыбаева — осы кісілерді халқымыздың төрт бәйтерегіндей көремін. Қазақ деген халықтың ақсақалдары қандай болған десе осы төртеуін алдымен атар едім. Олар — еңбек деген ұлы мектептің төрт арысы», — деген болатын. Тамшыбаеваның тәлімін алып, шыңдалып шыққан Темірхан Нүсіпов, Жанайдар Егінбаев және басқа да іскер азаматтар облыстың ірі шаруашылықтарының жұмысын білікті жүргізді. Зылиха Жанболатқызының еңбек дәстүрі бізге мәңгілік үлгі, — деді Н.Қылышбаев.
Атап өтсек, осы күні мерейтой аясында волейбол, футбол және қазақ күресінен жарыстар өткізіліп, мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылды.
Еске салсақ, Социалистік Еңбек Ері Зылиха Тамшыбаева Талдықорған облысы, Гвардия — қазіргі Кербұлақ ауданы, Шанханай ауылында дүниеге келген. Қырық жылдай Көксу ауданындағы «Еңбекші» кеңшарын басқарып, оны алдыңғы қатарлы озық шаруашылыққа айналдырды. Оған 1981 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сондай-ақ екі мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталып, «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері» құрметті атағына ие болды. Республика Жоғарғы Кеңесінің төрт мәрте депутаты болып сайланды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев.





























