Адам құқықтары – Конституциялық кепілдіктің өзегі

2
Screenshot

Қолданыстағы Конституцияда адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше мән берілген. Ата Заңның негізгі қағидаттарының бірі – адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде тану. Бұл ұстаным құқықтық мемлекеттің берік негізін қалыптастырып, азаматтың заң алдындағы қорғалу деңгейін айқындайды.

Конституцияда әр адамның өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға, сондай-ақ сот арқылы қорғануға құқығы бекітілген. Сонымен қатар, азаматтарға білікті заң көмегін алу мүмкіндігі беріледі. Мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды мемлекеттен өтетіп алуға құқықтың көзделуі де азамат мүддесін қорғаудың маңызды кепілдіктерінің бірі болып табылады.
Ата Заң әркімнің заң мен сот алдында тең екенін нақты белгілейді. Азаматтарды шығу тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, жынысына, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне және өзге де жағдайларға байланысты кемсітуге жол берілмейді. Мұндай норма қоғамдағы теңдік пен әділдіктің конституциялық негізін айқындайды.
Адамның өмір сүру құқығы да ерекше конституциялық қорғауда. Қолданыстағы Конституцияда өмір сүру құқығы әр адамның ажыратуға және айыруға болмайтын құқығы ретінде бекітілген. Сонымен бірге адамның жеке бас бостандығы мен жеке басына қол сұғылмау құқығына кепілдік беріліп, ұсталған адамға оның құқықтары мен бостандығын шектеу негіздерін түсіндіру міндеті белгіленген.
Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетінің қол сұғылмаушылығы да конституциялық деңгейде қорғалады. Азаматты азаптауға, зорлық-зомбылық көрсетуге немесе қадір-қасиетін қорлайтын қатыгез әрекеттерге жол берілмейді. Бұған қоса, жеке өмірге, жеке және отбасы құпиясына, сондай-ақ цифрлық технологияларды пайдалану жағдайында дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғану құқығына кепілдік берілген.
Конституция азаматтардың еңбек саласындағы құқықтарын да нақтылайды. Әр адам еңбек етуге, қызметі мен кәсіп түрін еркін таңдауға құқылы. Қауіпсіз және гигиеналық талаптарға сай еңбек жағдайына, кемсітусіз еңбегі үшін сыйақы алуға, әлеуметтік қорғалуға, тынығуға және ақылы еңбек демалысына құқықтар заңмен кепілденеді.
Тұрғын үй құқығы да конституциялық кепілдіктер қатарында. Тұрғын үйге қол сұғылмайды, ал сот шешімінсіз адамды тұрғын үйінен айыруға немесе шығарып жіберуге жол берілмейді. Сонымен қатар мемлекет азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасауға міндеттенеді.
Қолданыстағы Конституцияда отбасы, ана мен бала мәселесіне қатысты нормалар да маңызды орын алады. Отбасы институтын қорғау, ата-ананың бала тәрбиесіне қатысты құқықтары мен міндеттерін қамтамасыз ету, балалардың мүддесін қорғау – қоғамның тұрақты дамуының маңызды алғышарттарының бірі. Бұл бағыттағы конституциялық қағидаттар отбасы құндылықтарын сақтаумен қатар, бала құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың құқықтық негізін қалыптастырады.
Сонымен бірге әлеуметтік мемлекет қағидаты азаматтардың әлеуметтік қорғалуына қажетті жағдай жасауды көздейді. Еңбек, тұрғын үй, құқықтық көмек, әлеуметтік қамсыздандыру секілді салалардағы конституциялық нормалар адамның лайықты өмір сүруіне қажетті құқықтық негіздерді айқындайды.
Жалпы алғанда, қолданыстағы Конституция адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттік құрылыстың өзегіне қояды. Құжатта құқықтардың тек жарияланып қана қоймай, оларды сот арқылы және заңда көзделген өзге де тетіктермен қорғаудың нақты кепілдіктері бекітілген. Бұл – құқықтық мемлекет қағидатын нығайтып, азамат пен мемлекет арасындағы өзара жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды конституциялық негіз.

Ақжол Берік

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз