Бейбіт Исабаев өңірдің білім беру саласын дамытудың 7 стратегиялық міндетін айқындады

Жетісу облысында білім беру жүйесін дамытудың жеті стратегиялық міндеті айқындалды. Оларды Талдықорған қаласында өткен «Сапалы білім, берік құндылықтар, табысты тұлға: жаңа оқу жылының міндеттері» тақырыбындағы дәстүрлі тамыз педагогикалық конференциясында облыс әкімі Бейбіт Исабаев жариялады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бірінші міндет – білім беру жүйесін зияткерлік басқару. 2027 жылдың қаңтар айынан бастап жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі пилоттық жобаға өңірдегі 33 шағын жинақты мектеп алғаш болып қатысады. Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін оларды жоғары жылдамдықты интернетпен, компьютерлік техникамен және ЖИ-платформаларды пайдалануға қажетті құралдармен қамтамасыз ету тапсырылды, қалған 91 мектеп 2027 жылдың 1 маусымына дейін қамтылады. «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп мектептерді жабдықтау жұмыстары жүргізілуде: биылдың өзінде 80 мектепке физика, химия және биология пәндері бойынша 240 заманауи кабинет беріледі.

Екінші міндет – «Адал азамат» бағдарламасының тиімділігін арттыру. Биыл еліміздің мектептерінде «Конституция негіздері» пәні мен «Заң және тәртіп» курстары енгізіледі. Сонымен қатар өңірде үш жылдан бері жүргізіліп келетін менторлық жұмыс жаңа мазмұнмен толықтырылып, жинақталған тәжірибемен ұштастырылады. Педагогтарды даярлауға және олардың кәсіби құзыреттерін арттыруға ерекше назар аударылады.

Үшінші міндет – балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту. Облыста Баланың құқықтары жөніндегі басқарма құрылды. Ата-аналардың тәрбиелік жұмысқа, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қамқоршылық кеңестер мен бракераждық комиссиялар арқылы тамақтандыруды ұйымдастыруға қатысуын кеңейту жоспарлануда. Сонымен қатар мектеп асханаларында ыстық тағамды қабылдау, сақтау, дайындау және тарату үдерістерін бақылау үшін бейнебақылау жүйелері орнатылады.

Төртінші міндет – мектепке дейінгі білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға байланысты. 2027 жылдың қаңтарынан бастап балабақшаларды кезең-кезеңімен лицензиялау басталады. KPI көрсеткіштері белгіленді, соның ішінде басшылар, әдіскерлер және тәрбиешілер арасындағы бейіндік білімі бар педагогтердің үлесі 86%-ды құрауы тиіс. Ерте кәсіптік бағдар беру жөніндегі пилоттық жобаға облыстың 5 балабақшасы қатысуда. Бұл тәжірибені меншік нысанына қарамастан облыстың әр ауданындағы кемінде екі балабақшаға енгізу тапсырылды.

Бесінші міндет – орта білім беру сапасын арттыру және тұрғылықты жеріне қарамастан баршаға тең мүмкіндік беру. Өңірдегі мектептердің 80,5%-ы ауылдық жерде орналасқан. Өткен оқу жылында 50 мектепке атаулы қолдау көрсетілсе, 2026–2027 оқу жылында жобалық кеңсе білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингтеу нәтижелері төмен тағы 60 мектепке қолдау көрсетеді. 2028 жылға дейін бұл жұмыс барлық мектепті қамтып, өңірлік білім сапасын басқару жүйесін құру жоспарланып отыр. Сондай-ақ сыртқы бағалау нәтижелерін, педагогтердің біліктілігін, оқушылардың жетістіктерін және әлеуметтік ортаны ескеретін мектептердің рейтингі енгізіледі. 2027 жылдың қаңтарынан бастап барлық білім беру ұйымдары аудандық және қалалық әкімдіктердің тікелей қарамағына беріледі.

Алтыншы міндет – техникалық және кәсіптік білім берудің тиімділігін арттыру. 2026 жылдың қорытындысы бойынша түлектерді алғашқы жылы жұмысқа орналастыру деңгейі кемінде 75%-ды құрауы тиіс. Сонымен қатар 9-сынып түлектерін сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін кәсіптік біліммен толық қамту және 2027 жылға қарай дуальды оқытудың үлесін 50%-ға дейін арттыру жоспарлануда.

Жетінші міндет – кадр саясатына қатысты. Қазіргі уақытта өңірде 49 педагог жетіспейді. Сондықтан 1 қыркүйекке дейін барлық бос жұмыс орындарын толтыру және кадрлық резервті қалыптастырудың ұзақ мерзімді бағдарламасын әзірлеу тапсырылды.

– Облыс құрылған сәттен бері Жетісу өңірінің білім беру саласында негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Білім сапасы 65,1%-ға дейін артты, ал балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту деңгейі 97,5%-ға жетті. 19 жаңа нысан салынды және 22 мектепке күрделі жөндеу жүргізілді. Нәтижесінде бейімделген мектептер саны 69-дан 38-ге дейін қысқарып, білім беру нысандарын жаңарту деңгейі 41,8%-ға жетті. 12 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырды, ал өңірдің 25 ұстазы мемлекеттік наградалар мен атақтарға ие болды, – деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.

Конференция соңында бірқатар педагогтер мен сала ардагерлері облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин» медальдарымен және «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.

Облыс әкімінің қолынан «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісін алған Алакөл ауданының Үшарал қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Риза Баймұхамбетова  әсерімен бөлісті.

– Еңбек өтілім 35 жылға жетті, облыстық бастауыш сынып мұғалімдері қауымдастығының мүшесімін. Біз тәжірибе және әдістемелермен алмасып, оқушыларымызға сапалы білім беріп, оларды лайықты тәрбиелеу үшін бірлесіп еңбек етеміз. Соның айқын нәтижелерінің бірі – сыртқы бағалауға қатысқан 4-сынып оқушыларының республика бойынша алдыңғы қатарда болуы. Бұл – бірлескен еңбектің әрі мемлекет тарапынан педагогтерге көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесі. Еңбегімнің бағаланғаны мен үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік, – деді ол.

Сондай-ақ педагогикалық конференция өткен І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының фойесінде өңірдегі білім беру ұйымдарының, оқушылар мен студенттердің жетістіктері қойылған көрме ұйымдастырылды. Көрмені аралаған Бейбіт Исабаев  қатысушыларымен әңгімелесіп, ұсынылған бастамалар мен жобаларға жоғары баға берді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Жұмабай Мұсабеков

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз