Жетісуда кәсіпкерлер жергілікті емдік шөптер негізінде табиғи косметика өндіруде

Жетісу облысында кәсіпкерлер жергілікті емдік шөптер негізінде табиғи косметикалық өнімдер өндіруді қолға алуда. Бұған өңір табиғатының өсімдік түрлеріне бай болуы ғана емес, сондай-ақ мұндай өнімдерге сұраныстың артуы да ықпал етуде, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Бұл ретте текелілік кәсіпкерлердің озық тәжірибесін атап өтуге болады. Соның бірі кәсіпкер Жанна Жаңабаева бизнестегі ұзақ жылғы тәжірибесіне сүйеніп, соңғы жылдары өзін жаңа бағытта сынап көргісі келгенін айтады. Ол алғашында сабынды тек өзі мен жақындары үшін ғана қайнатып, қолданып жүрген. Кейін осыны кәсіп ретінде сынап көрсем деген ой келген.

— Сөйтіп 2022 жылдан үй жағдайында табиғи сабын мен гидролат жасай бастадым және өзім пайдаланғанда, оның қаншалықты дене мен бет күтіміне пайдалы екенін сезіндім. 2024 жылы Текелі қаласының Мансап орталығы арқылы 1,5 млн. грант ұтып алдым. Оған қоса өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алдым. Мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылай қолдаулар кәсібімді ашып, ары қарай кеңейтуге мүмкіндік берді. Алдымен косметика шығаратын шағын қолөнер цехын аштым. Қазіргі кезде «Жасыл Жетісу» брендімен шығарылатын тауарларымыздың қатарында тек сабын мен гидролат қана емес, сонымен бірге сұйық және қатты сусабын, өсімдік мацераттары да бар, — дейді «Бір ауыл – бір өнім» көрме-жобасының 2023 жылғы үздігі Ж.Жаңабаева. 

Кәсіпкер өнімдерге Жетісу өңірінің өсімдіктерін, тауда өсетін емдік шөптерді пайдаланатынын айтады. Ал бірқатар өсімдіктерді өз учаскесінде өсіреді. Сабынның құрамына майлар, куркума, шунгит, теңіз тұзы, қарамай қосып дайындайды. Бұл емдік сабын саналатындықтан, балалардың да, үлкендердің де пайдалануына болатынын айтқан кәсіпкер өнім дайындау процестері туралы былай дейді: «Алдымен сабынды қайнатамыз, сосын витаминдерді, майларды, басқа да пайдалы қоспаларын қосамыз. Сосын арнайы формаға құйып дайындап, екі ай бөлме температурасында кептіреміз. Жалпы шөптерді қайнатқандағы буы да пайдалы. Таниндер, эфир майы, барлығы осы бумен шығады. Ал гиролат – сол будағы пайдалы заттардың жиынғы», — дейді ол.  

Бизнесмен алдағы уақытта қосымша жаңа құрал-жабдықтар алып, суық және ыстық сығымдалған өсімдік майын өндіруді қолға алмақ.  

Текелілік тағы бір кәсіпкер Әсем Каримова «Gul Dala & Go» брендімен косметикалық табиғи өнімдер шығарып келеді. Компания шаш пен дене күтіміне, сондай-ақ табиғи шөптер негізінде сұлулықты сақтауға арналған өнімдер шығарады.

Кәсіпкердің айтуынша, шөптен дайындалған дәрілерді денсаулық жағдайына байланысты жиі ішуіне тура келген және оның едәуір жақсы нәтиже бергенін сезген. Бұл тәжірибе бірте-бірте шөптен косметикалық заттар дайындауға ұласқан. 

Атап айтқанда, ол 2021 жылы бренд қара зере майы қосылған алғашқы сусабын өнімін шығарды. Бүгінде «Gul Dala & Go» табиғи шөптер негізінде дайындалған сусабынның бес түрін, сондай-ақ дене күтіміне арналған май және крем сияқты бірнеше өнім түрін өндіріп отыр.

— Косметикалық өнімдер дайындауда қолданылатын дәрілік шөптердің бір бөлігін Текелі маңындағы таулардан жинаймыз. Олардың қатарында сабыншөп, түйежапырақ, қалақай, шайқурай, окопник, түймедақ, жұпаргүл, тасшөп, қырмызыгүл, құлмақ, жалбыз шөптері бар. Қазіргі кезде жаңа өнім түрлерін әзірлеуге дайындалып жатырмыз. Өндірісті одан әрі кеңейту үшін өнімнің 40 түрінің рецепті дайын. Алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, Текелі қаласында заманауи өндіріс орнын, ал болашақта ірі зауыт ашсақ деген ойымыз бар. Бұл біздің отандық брендімізді ары қарай дамытуға және қазақстандық сапалы өнімдерді қолданатын тұтынушылар аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, — деді Ә. Каримова.

Атап өтсек, кәсікер 2027 жылдың сәуірінде Түркияда өтетін «ЭКСПО»-ға шақырту алған. Сол көрмеде ол өз өнімдерін көпшілікке паш етеді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Александр Склабовский

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз