Бейбіт Исабаев: «Қаланы абаттандыруды кешенді түрде қарастыру керек»

Жетісу облысы құрылғаннан бері Талдықорған қаласында 187 көп қабатты тұрғын үйдің ауласына жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Биыл тағы 19 ауланы қайта жаңғырту қолға алынған. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев жаңартылып жатқан аулалардың біріне барып, мердігер ұйымға бірқатар нақты тапсырма берді, тұрғындармен пікір алмасты. Өңір басшысы қаланы абаттандыру жұмыстары кешенді тәсілмен жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, басты мақсат жаңартылған аулалардың тұрғындарға ұзақ жылдар бойы сапалы қызмет етуін қамтамасыз ету екенін айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Болашақ» шағын ауданының №43 көп қабатты тұрғын үйінің ауласын абаттандыру жобасы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда негізгі жұмыстар толықтай орындалды. Жоба аясында қауіпсіздік, жайлылық, қолайлылық мәселелеріне ерекше мән берілді. Асфальт төсеу және тротуар плиткасын төсеу жұмыстары жүргізілді. Аула қоршалып, екі балалар ойын алаңы салынды. Сонымен қатар автокөліктерге арналған тұрақ қарастырылып, қоқыс контейнерлерін орналастыру алаңы талапқа сай аймақтарға бөлінді. Алдағы уақытта жарық шамдары, орындықтар, қоқыс жәшіктері, өзге де қажетті абаттандыру элементтері орнатылады. Облыс әкімі барлық жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы керектігін айтты. Сонымен қатар тұрғындардың өз аулаларына ұқыптылықпен қарап, көгалдандыру жұмыстарына белсенді атсалысуының маңыздылығын атап өтті.

— Өткен жылдан бастап Талдықорған қаласының бюджеті 30 пайызға ұлғайтылды. Соның нәтижесінде облыс орталығын абаттандыруда ауқымды жұмыстар басталды. Жолдарды жаңартып, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын, қасбеттері мен шатырларын жөндеп жатырмыз. Жасыл аймақтарда автоматты суару жүйелері орнатылып, жаңа саябақтар мен гүлзарлар салынуда. Ең бастысы – жайлы қалалық ортаны қалыптастыруда кешенді тәсілді қатаң ұстанып келеміз. Бұл жұмыста қала тұрғындарының қолдауы мен белсенділігі де айрықша маңызды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бәрі тазалықтан басталады. Бұл – тек қоршаған ортаның тазалығы ғана емес, адамның жан тазалығы. Әр азаматтың бойында «Менің үйім – менің аулам – менің қалам – менің елім» деген патриоттық ұстаным берік орнығуы қажет, – деді Б. Исабаев.

Тұрғындардың айтуынша, бүгінде олардың ауласы айтарлықтай өзгеріп, көркейе түскен.

– Жеті жылдың ішінде алғаш рет жаңа балалар ойын алаңы салынды. Мен зейнеткермін, үш немерем бар. Осындай қамқорлық көрсеткен мемлекетке алғысымды білдіремін. Ендігі міндет – балаларға осы игілікті көздің қарашығындай сақтауды үйретуіміз керек. Оларды кішкентайынан айналасына құрметпен қарауға, өзгенің еңбегін бағалауға, өзі тұратын, өсіп-өнген ортаны аялап, күтіп ұстауға тәрбиелеу маңызды, – деді осы шағын ауданның тұрғыны Найман Әбдірашева.

Атап өтсек, облыс құрылғаннан бері «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында өңірде 25 балалар ойын және спорт алаңы орнатылды. Ал биыл тағы 21 осындай алаңды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Фототілші: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз