Талдықорғанда 500 келушіге арналған жаңа емхана мен инклюзивті спорт кешені ашылады

Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында биыл 500 келушіге арналған жаңа емхана пайдалануға беріледі. Сол сияқты ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған инклюзивті спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мұнда параспортшыларға спорттың 22 түрінен жаттығуға мүмкіндік жасалады. Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев аталған нысандардың құрылыс алаңдарында болып, жұмыстардың барысымен танысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес  қолға алынған инклюзивті спорт кешенінің құрылысы осы жылдың мамыр айында басталған болатын. Мердігер компания өкілінің айтуынша, бүгінгі таңда жобаға сәйкес құрылыстың шамамен 25% жұмысы атқарылған.

— Құрылыс алаңына 35 адам, 10 техника тартылған. Монолиттік жұмыстар аяқталды, қазір ғимараттың қабырғалары қаланып жатыр, оның артынан электрика, сантехника жұмыстарын бастаймыз. Мұнан кейін әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Жобаны желтоқсан айында толық аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, — деді құрылыс учаскесінің бастығы Асхат Әбдібаев.

Атап өтсек, нысан «Қазақстан халқына» қорының қаржысына салынуда. Жалпы ауданы 2 641 м² болатын инклюзивті спорт кешені жобасында әмбебап спорт залы, мамандандырылған жаттығу алаңдары, күрес және күштік дайындық залдары, оқ ату тирі, садақ ату алаңы, медициналық блок, сондай-ақ жаттығулар, жарыстар мен оңалту іс-шараларын өткізуге қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Нысан кедергісіз орта қағидаттарын ескере отырып жобаланған және бір мезгілде 150-ге дейін келушіні қабылдай алады. Ғимарат халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарына бейімделген жолаушылар лифтісімен жабдықталады. Жобаны іске асыру ерекше қажеттіліктері бар адамдардың спортпен тұрақты түрде айналысуға тартылуына, олардың физикалық және психологиялық денсаулығын нығайтуға, сондай-ақ әлеуметтік бейімделу мен қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді.

Мұнан соң Бейбіт Исабаев облыс орталығында 500 келушіге арналған жаңа емхана құрылысының барысын көрді. Мердігер ұйымның директоры Қанат Сандықбаев өңір басшысына нысанның дайындығы жайлы баяндап, ғимарат ішінде жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырды. Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарына 121 жұмысшы, 4 техника тартылған. Қазіргі кезде сантехника жұмыстары, ішкі су және жылу жүйелерін монтаждау,   электромонтаж сияқты маңызды жұмыстардың бірқатары аяқталуға жақын. Жалпы құрылыстың дайындығы — 82%. Сатып алынған медициналық құрал-жабдықтар ғимараттың дайын болуына қарай тамыздың соңында орнатыла бастайды. Жалпы қазан айының соңына дейін барлық құрал-жабдықтар толығымен орнатылып болады деп жоспарланып отыр.

Еске салсақ, алғашында арнайы мемлекеттік орган ғимараты ретінде салынып бастаған нысанды облыс басшылығының тапсырмасына сәйкес қалалық емхана ретінде салып пайдалану туралы шешім қабылданған болатын. Осылайша облыс орталығында 500 келушіге арналған жаңа емхана халық игілігіне берілмек.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев құрылыс жұмыстарын белгіленген мезгілінде, сапалы атқаруды тапсырды. 

Жетісу облысы әкімінің бапспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев7

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз