Елімізде  9 және 11 сынып түлектері үшін соңғы қоңырау рәсімін өткізуге рұқсат беріледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, — деп хабарлайды өзге басылымдарға  сілтеме жасап taldykorgan-online. kz.

«Соңғы қоңырау 25 мамырда оқу жылының үшінші тоқсанынан бері офлайн режимде оқып жатқан 9 және 11 сынып түлектері үшін өткізіледі. Сондай-ақ эпидемиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, 25 мамырға арналған іс-шаралар, соңғы қоңырау және биыл маусымның ортасында өтетін аттестат тапсыру офлайн режимде өтеді деп жоспарлап отырмыз», деді министр аппарат жиналысында.

Ол мектеп директорлары, білім бөлімдері мен білім басқармаларына барлық санитарлық-эпидемиологиялық талапты сақтай отырып, іс-шараны ұйымдастыруды тапсырды.

Айта кетейік, 2020 жылы Қазақстан мектептеріндегі соңғы қоңырау рәсімі ата-аналардың қатысуынсыз өткізілген болатын.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK