Жетісу облысында жыл қорытындысында инженерлік желілердің тозуы 15%-ға төмендейді

Жетісу облысында Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру басталды. Қабылданған шаралардың арқасында биылғы жылдың қорытындысы бойынша 568 шақырым инженерлік желілерді жаңғыртылады деп жоспарланған, бұл тозудың орташа деңгейін 15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Биыл өңірде 23 жоба іске асырылады, соның ішінде электр мен жылу желілері, сумен жабдықтау және су бұру салаларында қолға алынады. Барлық нысандар бойынша мердігер ұйымдар айқындалған, толық қаржыландырылды, қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Талдықорған және Текелі қалаларының коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі жобалар аса маңызды саналады. Соның нәтижесінде Талдықорған қаласында ұзындығы 3,5 шақырым негізгі магистралды жылу желісі қайта жаңартылып, Текелі қаласында 89 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері жаңартылады.

Электрмен жабдықтау саласында іске асырылып жатқан 16 жобаның аясында 474 шақырым электр желілерін, 2 қосалқы станцияны жаңғырту және 40 мың тұтынушы үшін электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу көзделген.

«Биылғы жылы 568 шақырым инженерлік желілерді жаңғырту жоспарланған, бұл тозудың орташа деңгейін 15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл ретте «ТАТЭК» АҚ электр желілерінің тозу деңгейі 78,5-тен 67,2%-ға, Текелі қаласының су құбыры желілерінің тозу деңгейі 86-дан 62%-ға, Талдықорған қаласының жылу желілерінің тозу деңгейі 61-ден 52%-ға дейін төмендейді. 2027 жылы 588,2 шақырым инженерлік желілерді жаңғырту және 83,6 мың есептеу құрылғыларын орнату қарастырылған тағы 34 жобаны іске асыру жоспарланып отыр», — дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметіне қарағанда, 2029 жылға дейін 62 жоба іске асырылады, бұл шамамен 1,5 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға және тозу деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, 1 155 км электр желілерін және 6 қосалқы станцияны, 310,1 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін, 10,1 км жылу желілерін жаңғырту көзделген. Соның нәтижесінде электрмен жабдықтау нысандарының тозу деңгейі 78,5-тен 49,9%-ға дейін, сумен жабдықтау – 33-тен 24%-ға дейін, су бұру – 55-тен 47%-ға дейін, жылумен жабдықтау – 61-ден 38%-ға дейін төмендейді.

Жалпы, ұлттық жобаны іске асыру облыстың коммуналдық инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңартуды қамтамасыз етуге және халыққа қызмет көрсету сенімділігін арттыруға жағдай туғызады.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Олжас Құрмашев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз