Конституциялық сот Мемлекет басшысының қызметін бұрынғы қолданыста болған Ата заң бойынша атқарып келе жатқан Президент, Конституциялық сот төрағасы, Жоғарғы сот төрағасы және Бас прокурордың осы қызметтерге жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай сайлану не лауазымға тағайындалуын ресми түсіндіру туралы өтінішіне жауап берді.
Мемлекет басшысы Конституциялық сотқа жолдаған өтінішінде: «лауазымын 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес атқарып келе жатқан адамдар 2026 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасы Конституциясының 43-бабы 1-тармағында, 72-бабы 2 және 3-тармақтарында, 83-бабы 1-тармағында, 84-бабы 3-тармағында көрсетілген қызметке сайлана ала ма не лауазымға тағайындала ала ма?» деген сұрақ қойған.
Конституциялық сот аталған конституциялық нормалардың мазмұнынан оларда белгіленген шектеулер адамның тиісті қызметке алдыңғы сайлану не лауазымға алдыңғы тағайындалу фактісімен қолданыстағы Конституцияда және соған сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілерде көзделген тәртіпте ғана байланысты болатыны шығады деп атап өтеді.
Конституцияның 43-бабының 1-тармағында, 72-бабының 2 және 3-тармақтарында, 83-бабының 1-тармағында және 84-бабының 3-тармағында белгіленген шектеулер қолданылған жағдайда 1995 жылғы Негізгі Заң қолданыста болған кезеңде тиісті лауазымдарда болу мерзімдерін, сондай-ақ қызметке сайлау не лауазымға тағайындау фактілерін есепке алуды көздейтін ережелерді Конституция қамтымайды. Демек, адамның аталған лауазымдардың бірін 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңде атқару фактісі Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енгеннен кейін оны тиісті қызметке сайлауға не лауазымға тағайындауға Негізгі Заңда көзделген конституциялық-құқықтық кедергі болып табылмайды, – деп түсіндіреді Конституциялық сот.
Осыған орай Президенттің өтінішін қарау қорытындысы бойынша Конституциялық сот 2026 жылғы Конституцияның 43-бабының 1-тармағын, 72-бабының 2 және 3-тармақтарын, 83-бабының 1-тармағын және 84-бабының 3-тармағын осы конституциялық нормаларда аталған лауазымдарды 1995 жылғы Конституцияға сәйкес атқарып жүрген адамдар 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы мүмкін екенін атап өтеді. Аталған конституциялық нормаларда белгіленген шектеулерді қолдану мақсаты тұрғысынан мұндай адамдардың 2026 жылғы Конституция күшіне енгеннен кейін тиісті қызметке сайлануы не лауазымға тағайындалуы алғаш рет сайлану не тағайындалу деп есептеледі.
Құжаттың толық нұсқасымен мына сілтемеде таныса аласыздар.
www.7-su.kz





























