Жетісу облысының тағы бір ауылында мәдени-спорттық орталық қолданысқа берілді. Ескелді ауданындағы Бақтыбай ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеуі облыс құрылғанға дейін басталып, құрылысы ұзаққа созылған проблемалық нысандардың қатарында болатын. Облыс басшылығының жіті бақылауынан кейін құрылыс қайта жанданып, «сақалды» құрылыс аяқталды. Осылайша 7 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда жиырма жылдан астам уақыттан бері бейімделген ғимаратта отырған мәдениет үйінің қызметкерлері жаңа нысанда жұмысқа кірісті, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, мәдениет үйі мен кітапхана бұған дейін ауылдық әкімдік ғимаратының 1-қабатында отырған еді. Бұл елеулі қолайсыздықтар туғызатын. Сондықтан тозығы жеткен ескі мәдениет үйінің ғимаратын жаңғырту ауыл тұрғындары үшін де, мәдениет саласы қызметкерлері үшін де айтулы жаңалық болды.
Атап өтсек, жаңарған ғимараттың ауданы — 4500 шаршы метр. 340 адамға арналған үлкен көрермен залы бар. Ішінде ауылдық кітапхана орналасқан. Ондағы кітап қоры – 20 мыңнан астам.
Бұл орталықта үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді, бұқаралық-мәдени іс-шаралар, концерттер, кездесулер өткізіледі.
— Мәдениет үйі толыққанды жұмысын бастады. Бүгінде мұнда балалардың да, ересектердің де шығармашылықпен айналысуына барлық жағдай жасалған. Әркім өзіне ұнайтын іспен шұғылдана алады. Мұнда «Мерейлі әжелер» клубы, эстрадалық ән, домбыра, би, қолөнер, велоспорт, футбол, күрес сияқты мәдени және спорттық сегіз үйірме бар. Біздің басты міндетіміз – бұл мекемені ауылдың нағыз мәдени өмірінің орталығына айналдыру. Мұнда әр тұрғын өз талантын шыңдап, жаңа білім алып, бос уақытын тиімді әрі қызықты өткізе алатындай жағдай туғызу. Ол үшін алдағы уақытта жұмыс бағыттарын кеңейтеміз, жаңа үйірмелер ашып, тұрғындарды барынша көптеп тартамыз деген жоспарымыз бар, – деді мәдениет үйінің директоры Қанат Оспанов.
Бүгінгі күні жаңа нысанда түрлі үйірмелерге келушілер қатары көп. Соның ішінде күрес үйірмесіне деген қызығушылық та артып келеді. Қазір бұл үйірмеге 180 бала қатысуда.
— Бұл жаңарған ғимаратта грек-рим күресіне үлкен зал қолданысқа берілді. Бұған дейін жаттығуларды мектептің спорт залында, далада өткізетінбіз, көбіне бұл бізге қолайсыз болатын. Қазіргі зал ыңғайлы, кең. Балалар үш ауысымда жаттығады. Қатарымызға жаңадан қосылған жасы кіші балалар таңертеңнен, орта буын жасөспірімдер түстен кейін, үлкендер тобы кешке жаттығады. Қазір оқушылардың ішінде республикалық турнирлерде топ жарып жүргендер де бар. Алдағы уақытта осы күрес залынан чемпиондар шығады деп сенеміз, — дейді жаттықтырушы Әділет Нұғыманов.
Мәдениет үйінің ашылғанына тұрғындар да дән риза.
– Біз осы күнді ұзақ күттік. Мұнда балалар түрлі үйірмелерге қатысып, ересектер мәдени іс-шаралар өткізіп, концерт тамашалайды. Жаңартылған ғимарат әр буын өкілдері ықыласпен келетін ортақ мәдени нысанға айналды, — дейді ауыл тұрғыны Қайрат Мамраев.
Атап өтсек, Бақтыбай ауылдық мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары 2020 жылдың мамыр айында басталып, 2021 жылдың маусымында аяқтау жоспарланған болатын. Алайда мердігер ұйымның жауапсыздығынан белгіленген мерзім бірнеше рет кейінге шегеріліп, осыған байланысты мердігерге қатысты заңнамада көзделген шаралар қабылданған және тиісті сот шешімі шыққан болатын.
Жетісу облысы құрылғаннан кейін проблемалық нысанның құрылысын аяқтау мәселесі өңір басшылығының ерекше бақылауына алынып, құрылыс барысында жұмыстың сапасына жіті назар аударылды. Сөйтіп, ғимараттың жөндеуі аяқталып, бұл нысан ауылдың мәдени өміріне тың серпін беріп отыр.
Жалпы, облыс құрылғалы бері өңірдегі әлеуметтік нысандарды жаңғырту деңгейі 55,8% жетті.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков.





























