Жетісудағы қоныстой: 73 отбасы жаңа үй кілттерін алды

Жетісу облысында 73 отбасы жаңа қонысқа ие болды. Атап айтқанда, жаңа тұрғын үйлердің кілттері халықтың әлеуметтік осал санатына жататын кезекте тұрған азаматтарға табысталды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кезекте тұрған талдықорғандықтарға «Жастар-3» тұрғын алабында салынған жаңа жеке тұрғын үйлер берілді. Аталған аумақта жалпы саны 790 заманауи үй салынады деп жоспарланған. Бүгінгі таңда олардың 393-інің құрылысы аяқталса, соның 198-і кезекте тұрған азаматтарға пайдалануға берілген.

Қоныс иелерінің қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, сондай-ақ І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар бар. Салынған әр тұрғын үйдің жалпы аумағы 76 шаршы метр. Үйде үш бөлме, ас үй мен жуыну бөлмесі бар. Осы орайда биылғы жылдың басынан Талдықорған қаласында әлеуметтік осал санаттағы 415 отбасының баспанамен қамтылғанын айта кету керек.  Жаңа баспаналар «Береке» коттедж қалашығында, «Жастар-3» тұрғын алабында, «Шығыс» және «Құлагер» шағын аудандарында, сондай-ақ Қадырғали Жалайыри даңғылы бойында орналасқан тұрғын үйлерден берілді.

Баспанаға ие болғандар ой бөлісті:

– Биыл тұрғын үй кезегінде тұрғаныма шамамен 13 жыл болды. Міне, енді отбасымыздың өз жеке шаңырағы бар. Үйіміз жайлы әрі жарық. Өзім секілді жаңа қоныс иелерін құттықтап, әулеттеріне бақыт пен береке тілеймін, – деді Райя Ергозова.

– 2014 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрдым. Көптен күткен қуанышты сәтке де жеттік, жаңа үйдің кілтін алып отырмын. Осы ретте әкімдікке және «Отбасы банкке» алғысымды білдіремін. Баршаңызды құттықтап, игілік, амандық тілеймін, – деді Александр Житников.

Көпбалалы ана Гүлнұр Жұмаділова да қуанышын жасырған жоқ:

– Жаңа үйге кірген жерлестерімді шын жүректен құттықтаймын. Әр шаңырақта қуаныш пен молшылық орнасын. Біз бұл күнді 11 жылдан астам уақыт күттік. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы үшін мемлекетке алғысымды білдіремін, – деді ол.

Атап өтсек, тұрғындарды баспанамен қамтумен қатар, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша «Жастар-3» тұрғын алабының инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр.

Аталған жаңа шағын аудан өткен жылдан бері табиғи газбен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта жол инфрақұрылымын салу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін 3,6 шақырым жол салынды. Биыл қосымша 1,4 шақырым жол мен 12 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланған. Сонымен қатар алдағы жылдары мұнда бірнеше жасыл аймақ абаттандырылып, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1200 орындық мектеп, фельдшерлік-акушерлік пункт және учаскелік полиция пункті салынбақ. Осылайша, «Жастар-3» тұрғын алабы болашақта қаланың ең ірі, жайлы әрі заманауи шағын аудандарының біріне айналады.

Сондай-ақ, өткен жылы Талдықорған қаласында 630-дан астам отбасы баспаналы болса, биылғы жылдың соңына дейін тағы 1400 тұрғын үй кезегінде тұрған азаматты баспанамен қамту жоспарланып отыр.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Олжас Құрмашев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз