Жетісу облысына – 4 жыл: полиция қызметі үшін 289 бірлік қызметтік автокөлік, 31 дрон сатып алынып, 1415 бейнебақылау камерасы орнатылды

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев полиция қызметкерлері мен өңірдегі ішкі істер органдары ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде олардың қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қосып отырған маңызды үлесін атап өтті, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мерекелік іс-шара дәстүр бойынша қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Мұнан соң Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында салтанатты жиын ұйымдастырылып, онда облыс әкімі құттықтау сөз сөйледі.

— Мемлекет басшысының «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы елдегі түбегейлі реформалардың негізі болып отыр. Оны жүзеге асыру құқық қорғау органдарының ғана емес, барша қоғамның міндеті. Әділетті қоғам құрып, заң үстемдігін нығайту жолында әрбір полиция қызметкері өз міндетін адал атқаруы тиіс. Біз өз тарапымыздан  қажетті қолдау көрсетеміз, — деген Б. Исабаев, облыста ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Осы жиында Ақсу аудандық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Ермек Исаев, Қаратал аудандық полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция капитаны Берік Бибеков, Ескелді аудандық полиция бөлімінің қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұрсейіт Абдрахманов, сондай-ақ Сарқан ауданы мен Текелі қаласы полиция бөлімдерінің тергеу бөлімшелерінің тергеушілері, полиция аға лейтенанттары Диас Тошанов пен Әділет Байсаринов облыс әкімінің қолынан Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болды.

Сонымен қатар бірқатар полиция қызметкерлеріне арнаулы атақтар беріліп, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, сондай-ақ Ішкі істер министрінің грамотасымен және Алғыс хаттымен марапатталды. Мерекелік шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Облыстық полиция департаментінің жеке құраммен жұмыс басқармасы бастығының орынбасары Айдын Сүлейменов:

– Жетісу облысы полициясының қатарында екі мыңнан астам қызметкер еңбек етеді. Олардың қай-қайсысы да уақытпен санаспай, күн сайын қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау жолында қызмет атқарып келеді. Біз мамандардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені қазіргі заманда интернет-алаяқтық сияқты қылмыс түрлері кең етек алды. Сондықтан біздің басты міндетіміз – осы бағытта да халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, – деді ол.

отставкадағы полиция полковнигі, ішкі істер органдарының құрметті ардагері Болат Молдабеков өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді:

– Қазір мен зейнет демалысындамын. Соған қарамастан жас полиция қызметкерлеріне қолымнан келгенше қолдау көрсетуге тырысамын. Ардагерлер ұйымының құрамында мектеп оқушыларымен, студенттермен кездесу өткіземіз. Өйткені жастар арасында патриоттық құндылықтарды дәріптеу, құқықтық мәдениет пен құқықтық сауаттылықты қалыптастыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі, – деп атап өтті.

Айта кетейік, облыс әкімдігінің қолдауының арқасында 2022 жылдан бастап өңірлік Полиция департаментінің материалдық-техникалық базасы заманауи техникамен, арнайы құрал-жабдықтармен жүйелі түрде жабдықталуда. Құқық бұзушылықтарды жедел анықтау мақсатында аудандық және қалалық полиция бөлімдеріне, сондай-ақ департамент басқармаларына 31 дрон берілді. Сонымен қатар өңірде 1415 бейнебақылау камерасы орнатылып, биыл тағы 220 камераны іске қосу жоспарланып отыр. Соңғы жылдары 289 бірлік қызметтік және арнайы автокөлік сатып алынды. Бұдан бөлек, қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында бес ауданда 8 модульдік полиция бекеті пайдалануға беріліп, 6 әкімшілік ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда Сарқан ауданындағы Лепсі ауылында күрделі жөндеуден өткен полиция пункті қайта пайдалануға берілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірде қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 36 %, ал қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 44 % төмендеді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Дмитрий Ерофеев, Жеңіс Ысқабай және бірқатар фотолар облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз