Жетісуда «Қорғас — Шығыс қақпасы» АЭА аумағында индустриалды парк құрылады

облысында «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында төмен биіктіктегі экономиканы дамытуға, озық технологияларды енгізуге және зияткерлік өндірісті өркендетуге бағытталған индустриялық парк құрылады. Осыған байланысты Жетісу облысының әкімдігі мен инвестор компания арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Құжатқа Polyking Newhorizons Technology Industry Co., Ltd. компаниясының бас директоры Ли Канчао және Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов қол қойды.

Меморандум аясында тараптар аумағы 1 мың гектар болатын заманауи индустриялық парк құру бойынша ынтымақтастық орнатуға келісті. Жобада табиғи газды негізгі шикізат ретінде пайдаланатын интеграцияланған энергетикалық станцияның құрылысы қарастырылған. Бұл станция бір мезгілде электр энергиясын өндіріп, жылумен қамтамасыз етіп, сұйытылған табиғи газ шығарады. Жобалық қуаты – тәулігіне 2 млн текше метрге дейін табиғи газ тұтынады.

Жасалған келісімдерге сәйкес, Polyking Newhorizons Technology Industry Co., Ltd. компаниясы инвестиция тартып, жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, сондай-ақ индустриялық парк пен энергетикалық инфрақұрылым нысандарының құрылысын жүргізеді. Өз кезегінде облыс әкімдігі қолданыстағы заңнама аясында нысандарды инженерлік инфрақұрылым желілеріне қосуға, газбен жабдықтауды ұйымдастыруға қажетті қолдау көрсетіп, инвестициялық жобаны барлық кезеңдерде сүйемелдейтін болады.

Әсет Қанағатовтың айтуынша, аталған құжатқа қол қою өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырудағы және «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы аумағында халықаралық деңгейдегі жаңа индустриялық алаң қалыптастырудағы маңызды қадам болды.

– Аталған жобаны іске асыру Жетісу облысының өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға, тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, заманауи өндірістік технологияларды енгізуге және Қазақстан мен Қытай арасындағы халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді, – деп түйіндеді сөзін облыс әкімінің орынбасары.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз