Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев биылғы жылдың наурыз айында қызметіне кіріскен Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы жаңа Бас консулы Су Фанцюмен кездесті. Тараптар экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екі жақты ынтымақтастықтың келешегі туралы талқылады, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Дипломатты жаңа қызметімен құттықтаған өңір басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара құрметке, сенім мен достыққа негізделген ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті.
Бейбіт Исабаевтың айтуынша, Жетісу облысы – республика бойынша Қытаймен шекарада 5 бақылау-өткізу бекеті бар жалғыз өңір. Оның ішінде 2 теміржол, 2 автомобиль және 1 туристік өткізу пункті бар. Сонымен қатар екі ел арасындағы ортақ шекараның облыс аумағындағы ұзындығы 563 шақырым. Облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары туралы жан-жақты айтып берді, атап айтқанда, аграрлық сектор, аймақтың көлік-логистикалық әлеуеті, туризм, «жасыл» энергетика салаларына және бірлескен инвестициялық жобаларға ерекше тоқталды.
– Өңір аумағында Қытай Халық Республикасы инвесторларының қатысуымен 14 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, оның 7-еуі биыл қолға алынған. Сонымен қатар жуырда біздің өңірде қуаты 250 МВт болатын жел электр станциясын салуға ниетті қытайлық ірі «Envision Energy» компаниясының өкілдерімен кездестім. Жалпы, бізді әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде сүт, ет және жүн өңдеу саласындағы ұсыныстар қызықтырады. Өз тарапымнан облысымызда кәсіпкерлікпен айналысуға және әлеуетті инвесторлар үшін заңнама аясында барлық қажетті әкімшілік әрі экономикалық жағдайлар жасалғанын сенімді түрде айта аламын, – деді Б. Исабаев.
Өңір басшысына жылы қабылдауы үшін алғыс білдірген Су Фанцю өз сөзінде:
– Жетісу облысы – екі жақты ынтымақтастықты дамытудағы негізгі өңірлердің бірі. Атап айтқанда, біз өңіраралық байланыстарды жандандыруға мүдделіміз, соның ішінде Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы мен Жетісу облысы арасындағы бауырластық байланыстар аясындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайынбыз. Сонымен қатар көлік-логистика саласындағы әріптестікті, жаңартылатын энергия көздері, электрондық сауда және мәдени-гуманитарлық бағыттардағы өзара іс-қимылды дамытуға ниетіміз бар. Жалпы алғанда, біз «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында барлық саладағы практикалық ынтымақтастықты нығайтуға және екі жақты әріптестіктің жаңа даму нүктелерін тұрақты түрде ашуға дайынбыз, – деді ол.
Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейтуге мүдделі екендерін растап, алдағы уақытта бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























