Көксу ауданында 2025 жылы тұрғын үй кезегінде тұрған 90 отбасы баспанамен қамтылды. Ал биыл аудан бойынша тағы 190 отбасы жаңа қонысқа ие болады. Бұл – облыстағы жоғары көрсеткіштердің бірі. Бұл туралы Бейбіт Исабаевтың аудан халқымен кездесуінде айтылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
– Өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 2025 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға өсті. Оның ішінде Көксу ауданының үлесі – 4,5 пайыз. Өткен жылы облыс бойынша 3 807 отбасы баспанамен қамтамасыз етілсе, биыл да 3 мыңнан астам отбасы тұрғын үй алады. Соның ішінде Көксу ауданында 120 пәтер мен 70 жеке тұрғын үй пайдалануға беріліп, 190 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізеді, – деді Бейбіт Исабаев.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, әрқайсысы 60 пәтерлік екі несиелік тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы басталған. Екі үйдің әрқайсысында бір және екі бөлмелі 15 пәтерден, сондай-ақ үш бөлмелі 30 пәтер қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.
Мердігер ұйымның учаске бастығы Леонид Котельниковтің айтуынша, қазіргі таңда нысанда әрлеу жұмыстары жүргізілуде. «Бүгінде құрылыс жұмыстарының 70 пайызы аяқталды. Қазір электр желілерін тарту, ішін бөлу, қасбетті әрлеу, сантехникалық жұмыстар атқарылуда. Нысанда 70 адам еңбек етуде, сондай-ақ кран мен тиегіш техникасы жұмыс істеп тұр», – деді ол.
Ал 70 жеке тұрғын үй әлеуметтік жағынан осал топқа жататын үй кезегіндегі азаматтар үшін мердігер ұйымдардан сатып алынуда. Бұл үйлер ауданның түрлі елді мекендерінде орналасқан. Атап айтқанда, Балпық би ауылында 52 үй, Еңбекшіқазақ ауылында 3 үй, ал Мәмбет ауылында 15 үй сатып алынуда.
Жалпы, тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жыл басынан Көксу ауданында 4,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 16,6 мың шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Дмитрий Ерофеев, Қанат Өмірәлинов





























