Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында Жетісу облысында 58 жаңа кооператив құрылады деп жоспарланған. Соның 6-уы Көксу ауданында құрылуы тиіс. Әзірге соның 3-еуі құрылған. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындармен кездесуі кезінде аудан әкіміне кооператив құру жұмыстарын ширатуды тапсырды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысы агроөнеркәсіпті дамытуда «Ауыл аманаты» бағдарламасының рөлі үлкен екенін тілге тиек етіп, оны жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлу керектігін айтты.
— «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға осы жылы республикалық бюджеттен 5 млрд. теңге бөлініп, 271 жеңілдетілген несие беру және 540 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның ішінде 2 млрд. теңгесіне 58 жаңа кооператив құрылады. Соның 6-уы Көксу ауданында ашылуы керек болған, бүгінгі күнге тек 3-еуін ғана құрдыңыздар. Аудан әкіміне кооперативтер құру ісін жылдамдатуды тапсырамын. Ол үшін тұрғындар арасында бағдарламаның мүмкіндіктері мен мемлекеттік қолдау тетіктері туралы түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет. Бұл бағдарлама ауылдық аумақтардағы шағын бизнесті дамытуға мол мүмкіндік береді, — деді Б.Исабаев.
Жалпы, Жетісу облысында «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының арқасында ауылдық жерлердегі шағын бизнес ілгерілеп келеді. Мәселен, аталған бағдарлама аясында өткен жылы өңірде 243 жоба қаржыландырылған.
Мемлекет тарапынан қолдауға ие болған азаматтардың бірі — көксулық Ақерке Жарқын. Ол бағдарламаның арқасында көптен бергі арманы орындалып, бүгінде жеке бизнесін жүргізіп отырғанын айтады.
— Өзімнің жеке ісімді ашсам деп біраз уақыттан бері ойлап жүрген едім. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып көру керек деп шештім. Сөйтіп, кілем жуу орталығын ашу туралы ұсынған жобам қолдау тауып, 8,9 млн. теңге қаражат алдым. Осы қаржыға жұмысқа қажетті кілем жуатын және кілем сығатын екі аппарат сатып алдық. Аппараттарымыздың төменгі жағында кілемнің шаңы қағылады, ортасында жуылады, үстінде сығылады. Бұл процестердің бәрі де толық автоматтандырылған. Осы жылдың мамыр айынан бастап жұмысқа кірістік. Тұтынушылардан сұраныс бар. Осы бір жарым айдың ішінде 100-ден астам тұтынушыға қызмет көрсетіп үлгердік, — дейді жас бизнесмен.
Көксу аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, аудан бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы 26 өтінімге жалпы сомасы 179,8 млн. теңге несие берілген, соның 23-і мал шаруашылығы бойынша, 3 өтінім басқа бизнес бағыттарында қолдау тапты. Ал биыл 21 жобаға өтінім түскен.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев, Қанат Өмірәлинов.





























