«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» аграрлық сала өкілдерін форвардтық қаржыландыру көлемін 29,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтты

Ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы фермерлерге 29,5 млрд теңге қаржы бөлді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11,6 млрд теңгеге артық. Ұлттық астық операторы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға былтырғы жылдың желтоқсан айында өтінім қабылдап бастаған. Бұл шаруаларға жауапты науқанға алдын ала дайындалуға мүмкіндік берді.

Биылғы жылғы 15 мамырдағы жағдай бойынша күзгі жеткізілімге 478 мың тонна дәнді және майлы дақылдарды тапсыру жөнінде келісімшарттар жасалған. Оның ішінде негізгі үлес бидайға тиесілі, яғни, 334,3 мың тонна.

Сонымен қатар агроқұрылымдар өнім жиналғаннан кейін корпорация қорына 95 мың тонна күнбағыс, рапс және зығыр тұқымын өткізуді жоспарлап отыр. Бұл өткен ауыл шаруашылығы маусымымен салыстырғанда 2,5 есе жоғары.

Басқарма төрағасы Асылхан Джувашевтің айтуынша, майлы дақылдарға қызығушылықтың артуы олардың жоғары нарықтық құнымен және ішкі-сыртқы нарықтағы тұрақты сұранысымен байланысты. Сонымен қатар жаңа қайта өңдеу қуаттарының іске қосылуы шикізатқа деген қажеттілікті арттырып отыр.

Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары да маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, егіс алқаптарын әртараптандыру және бір дақылға тәуелділікті азайту бағытындағы саясат аясында майлы дақыл өндірушілерді форвардтық қаржыландыру шектері кеңейтілген. Соның нәтижесінде фермерлер жаңа маусымда күнбағыс және өзге де майлы дақылдарды жеткізуге екі есе көп өтінім берген. Бұл ауыл шаруашылығы құрылымдарының бидайдан нарыққа бағдарланған дақылдарға біртіндеп көшуін көрсетеді.

Форвардтық қаржыландыру шағын және орта шаруашылықтарды қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі саналады. Ол фермерлерге егіс жұмыстарына, техника жөндеуге және қажетті ресурстарды сатып алуға айналым қаражатын уақытылы тартуға жол ашады, сондай-ақ болашақта өнім өткізу кепілдігін қамтамасыз ететін нарық қалыптастырады.

Дереккөз: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет ресурсы

«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» аграрлық сала өкілдерін форвардтық қаржыландыру көлемін 29,5 млрд теңгеге дейін ұлғайтты

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз