Жетісу облысында білім беру саласындағы құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды басқосу өтті. Жетісу облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің ұйымдастыруымен «Білім беру жүйесінде конституциялық қағидаттарды ілгерілету – білім сапасын арттыру мен құқықтық қорғалуды қамтамасыз етудің факторы» тақырыбында ашық талқылау алаңы ұйымдастырылды.
Жиынның негізгі мақсаты – өңірдегі білім беру ұйымдарында конституциялық қағидаттардың сақталу деңгейін талқылау, құқықтық сауаттылықты арттыру, білім сапасын жетілдіру бағытындағы өзекті мәселелерді саралап, практикалық ұсыныстар әзірлеу. Талқылау алаңына мектепке дейінгі, орта, қосымша білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, Жетісу облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының өкілдері, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Жетісу облысы бойынша кәсіби дамыту институтының мамандары, Департамент жанындағы Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес мүшелері, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жетісу облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, педагог-ардагерлер, сондай-ақ «Amanat» партиясы Жетісу облыстық филиалының «Болашақ» және «Білім» бастауыш партия ұйымдарының мүшелері мен Талдықорған қалалық мәслихатының педагог-депутаттары қатысты. Жиын барысында №7 бөбекжай бақшасының меңгерушісі Гүлниса Тұлымшақова, жоғарғы медициналық колледж директоры Серік Джансенгіров, Алакөл ауданы Жыланды ауылы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының директоры Эльмира Рапилова, «Өрлеу БАҰО» АҚ «Алматы облысы бойынша ҚДИ» филиалының Жетісу облысы бойынша өкілдігінің басшысы Алмагүл Балшенова, №8 Островский атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Еркежан Жанботақызы жаңа Конституция аясындағы білім саласының негізгі басымдықтарына жан-жақты тоқталып, баяндама жасады. Атап айтқанда, білім алушылар мен педагогтердің құқықтық қорғалуы, мемлекет дамуындағы білім мен ғылымның рөлі, цифрлық кеңістікті тиімді пайдалану, жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне енгізу мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар қатысушылар практикалық кейстер арқылы қазіргі білім беру жүйесіндегі өзекті түйткілдерді ортаға салып, жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған ұсыныстарын білдірді. Пікірталас алаңында білім сапасын көтерудің нақты тетіктері, құқықтық мәдениетті нығайту жолдары және білім ұйымдарындағы жауапкершілік пен ашықтық қағидаттарын жетілдіру мәселелері де сөз болды. Мамандардың айтуынша, мұндай ашық диалог алаңдары білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға, тәжірибе алмасуға және тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.





























