Бақтыбайда ханбалық өсіріледі

3

Облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ арнайы жұмыс сапарымен Көксу және Ескелді аудандарына барып, бірқатар құрылыс нысандарын аралады.

Аймақ басшысы алдымен Балпық би ауылындағы 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыс жұмысымен танысты. «СЕМ-Шоғы Құрылыс-Сервис» ЖШС жүргізіп жатқан құрылыс жұмыстары былтыр желтоқсан айында басталыпты. Мамандардың айтуынша 15 бір бөлмелі, 15 екі бөлмелі, 30 үш бөлмелі көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы тамыз айының соңында аяқталмақ.

– Қазіргі таңда бірінші үйдің шатыры жабылып, екінші үйде ішкі бөлу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда 80 адам жұмыс істейді. Маусым айында инженерлік желілерді орнату жұмыстары жүргізіледі, – дейді құрылыс учаскесінің басшысы Жақсылық Өтегенұлы.

Облыс әкімі тұрғын үйдің ішін толық аралап шыққан соң:

– Құрылыста ең әуелі сапа жақсы болуы қажет. Содан кейін уақытында аяқтау керек. Сіздердің бұған дейінгі істеген жұмыстарыңыздың сапасы жақсы болды. 60 пәтерлі екі үйдің құрылысын да дәл солай сапалы істеңіздер, – деді.

Осыдан кейін аймақ басшысы Бозтоған ауылы Мұсабек атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Үш қабатты ғимараттың құрылысын «СП NEFT» ЖШС жүргізуде. 95 пайыз жұмысы аяқталған нысанда 40 адам жұмыс істеуде. Ғимарат мамыр айының соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Мектеп сегіз жүз орынға арналғанымен қазір мұнда небары 400-ге жуық бала оқиды. Осыған байланысты облыс әкімі ғимараттың пайдалы алаңын тиімді қолданудың нақты жоспарын жасауды, сол қатарда үйірмелер жұмысын дамытуды тапсырды. Мектеп директоры Шолпан Ынтықбайқызының айтуынша, бұған дейін оқушылар екі ауысымда оқыпты. Келер жылдан бастап балалар бір ауысымда білім алады. Сонымен қатар әр пән үшін жаңа заманға сай кабинеттер ашылмақ. Облыс әкімі бұл ауқымның әлі де жеткіліксіз екенін, жоспарды бүге-шігесіне дейін ойластырып, кеңінен қарастыру керектігін жеткізді.

– 800 балаға лайықталған мектепте 400 бала ғана оқиды. Жарты орын бос. Бәлкім, білім ордасынан балабақша, қосымша үйірмелер ашу керек шығар. Ол үшін мектеп директорының нақты жоспары болуы шарт. Президентіміз айтқандай, әр нәрсе орнымен жүруі тиіс. Сондықтан артық шығынға бармауымыз керек. Мен сізді жоспары дайын, тың идеялары бар шығар деп арнайы шақырдым, – деген Бейбіт Өксікбайұлы сын-ескертпелер айтып, нақты жоспар құруды тапсырды.

Білім ордасын толық аралап шыққан облыс басшысы құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтауды, іші жылы болуы керектігін айтты.
Сапар соңында Бейбіт Өксікбайұлы Бақтыбай ауылындағы балықты жасанды жолмен өсіретін «Live Fish Жетісу» ЖШС-на барды.

Қазір кәсіппен айналысып, табыс табуға ешқандай кедергі жоқ. Облыста кәсіптің сан түрімен айналысып, ісін өрге домалатып жүргендер жетіп артылады. Солардың бірі – Руслан Сафарғалиев. Кәсіпкер 1 млрд. теңгеге жуық қаржыға балық шаруашылығын салып, Польшадан әкелінген уылдырықтан жасанды жолмен 1 млн. 200 мың шабақ ханбалық өсіруде.

– Негізгі жоспар – шабақ балықты ірі балыққа дейін асырап, облысымыздағы балық шаруашылығын дамыту әрі қолжетімді бағада сату. Экспорттауға да ниеттіміз. Болашақта бекіре, тұқы балығына арналған нысан салуды, балықты өңдеу, консервілеу жұмыстарын да қолға алу жоспарда бар. Биылдың өзінде 80-100 тонна балық өндіреміз деп отырмыз, – дейді «Live Fish Жетісу» ЖШС-ның басшысы Руслан Сафарғалиев.

Кәсіпкердің айтуынша, бүгінде мұнда 10 адам жұмыс істейді. Барлығы арнайы оқудан өткен мамандар. Алдағы уақытта жұмысшылар саны 30-ға жуықтамақ.

Айдар ҚАЛИЕВ
Көксу, Ескелді аудандары

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз