Жетісуда Алматы облысының шекарасынан Талдықорған әуежайына дейінгі жол жаңарады

Жетісуда  Алматы облысының шекарасынан Талдықорған әуежайына дейінгі жол жаңарады. Осы мақсатта құрылыс жұмыстары төрт учаскеге бөлінген. Солардың бірі «Алматы — Өскемен» автожолының Алғабас ауылынан Мұқыры еңіс жолына дейінгі 21 шақырымындағы күрделі жөндеу жұмыстарымен облыс әкімі Бейбіт Исабаев танысып қайтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аталған учаскелердің ішінде «Алматы — Өскемен» автожолының Алматы облысының шекарасынан Алғабас ауылына дейінгі 124-213 км мен Мұқыры еңіс жолынан Талдықорған айналма жолына дейінгі 234-254 шақырымында орташа жөндеу биыл басталады, аталған айналма жолдан әуежайға дейінгі 254 – 287 км бөлігінде орташа жөндеу жүріп жатыр, ал Алғабас ауылынан Мұқыры еңіс жолына дейінгі 213-234 км учаскесінде күрделі жөндеуден өткізілуде. Атап өтсек, бұл жобалар 2027 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.

«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Жетісу облысы филиалының бастығы Нұрхат Ақылтаевтың айтуынша, «Алматы — Өскемен» автожолының 213-234 шақырымын күрделі жөндеу жобасы шеңберінде жол төсемі толық ауыстырылып, тау беткейлерін жайпақтау және монолитті тау арықтарын бетондау жүргізіледі. Сондай-ақ мал өтуінен қорғайтын торлы қоршаулар орнатылып, мал өтетін өткел салу қарастырылған, су өткізу құбырларын жөндеу мен салу, сол сияқты Мұқыры өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу жұмыстары атқарылады. Бүгінгі күнге 7 шақырым учаскеде жол негізін қайта құру жұмыстары, жота беткейлерін жайпақтау, су ағар кюветтерді бетондау атқарылуда. Осы ретте 2 шақырымнан астам жолда асфальтбетон жабынының 2 қабаты жаңадан төселді, жұмыстар екі ауысымда жүріп жатыр. Құрылысқа 230 бірлік техника мен  300-ге жуық адам жұмылдырылған. Жол төсемін астыңғы қабатымен 4 жолақты ашу қыркүйек-қазан айларына жоспарланып отыр.

— Жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты жол бойындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қозғалыс қауіпсіздігін арттыру мақсатында көлік қозғалысына уақытша өзгерістер енгізілетін болады. Атап айтқанда, бекітілген жол қозғалысын ұйымдастыру сызбасына сәйкес, Алматы–Талдықорған бағыты белгіленген қалыпты режимде сақталады, ал ертең, яғни 28 сәуірден бастап Талдықорғаннан Алматыға бағытталған көлік қозғалысы Мұқыры елді мекені арқылы өтетін ұзындығы 27 шақырымдық айналма жолмен ұйымдастырылады, — деді Н. Ақылтаев.

Осы орайда облыс әкімі жол құрылысының сапасына ерекше мән беруді және жобаны мерзімінде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ осымен Жетісу облысындағы негізгі жолдардың мәселесі толық шешілетінін де атап өтті.

— Біз Қорғастан Сарыөзекке дейінгі жолдың жөндеу жұмыстарын бітірдік. Молалының бұрылысынан Балқашқа дейінгі, Үштөбеден – Көпбірлікке дейінгі жолды аяқтадық, енді Үштөбе – Талдықорған арасындағы жолды биыл күзде бітіреміз. Сөйтіп, келесі жылы облыстағы негізгі жолдардың мәселесі толық шешіледі, мұнан соң ауыларалық жолдарды жөндеу жұмыстары жалғасады, — деді Б. Исабаев.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз