Достық көлік-логистикалық торабында жүк легі мен транзитті ұлғайту, өткізу пункттерін жаңғырту бойынша нақты шаралар қабылдануда. Мәселен, «Алакөл» жаңа автомобиль өткізу пунктінде қозғалыс жолақтарының саны 2-ден 6-ға дейін көбейіп, өткізу қабілеті тәулігіне 200-ден 800-ге дейін, яғни 4 есеге ұлғайды. Сол сияқты мұнда жаңа цифрлы технологиялар енгізілуде – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
«Алакөл» кеден бекетінің бас маманы Айдын Әңгібаевтың айтуынша, өткізу бекетінде қызмет көрсету толық цифрландырылған.
– Бұрын инспекциялық тексеру кешенінен сағатына 20 автокөлік өтетін болса, қазір жаңа технологияның арқасында өткізу қабілеті екі есеге артып, өткізу уақыты қысқарды. Ескі тексеру кешенінде кеден бекетінен өту үшін жүргізушілер көліктен түсуге міндетті еді, қазір түспейді. Бұрын көлікті сканерлеуге 3-4 минут уақыт кететін, қазір бұл көрсеткіш едәуір жылдамдатылды: цифрландырудың нәтижесінде көліктің сканерленген суретіне талдау жасау пилоттық режимде жасанды интелект қолдану арқылы атқарылады, – деді ол.
Бүгінде пункттердің өткізу қабілеттінің артуын ескере отырып, көлік-логистикалық орталықтарды дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Атап айтқанда, мұнда тәулігіне 3 мың автомобиль қабылдай алатын «А» санатындағы «Dostyk Auto Hub» сервис кешені жұмыс істеп тұр. Кешеннің атқарушы директоры Дәулет Мұратұлының айтуынша, «Dostyk Auto Hub» – халықаралық тасымалдардың тиімділігін арттыру және жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шегарада құрылған заманауи логистикалық хаб. Бұған шамамен 700 млн. теңге инвестиция салынды. Оның құрамына заманауи қонақ үй, тамақтану орны, шағын супермаркет және «CarGoRuqsat» электрондық кезек үшін тегін жинақтау алаңы кіреді. Бұл көлік қозғалысын реттеуге, кіреберіс жолдарға түсетін жүктемені азайтуға және шекарадағы кезек күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
Бұл пікірді көлік жүргізушілер де растайды.
– Мен өзім Әзірбайжаннан Қытайға тауар сатып алу үшін келемін. «Алакөл» өткізу пункті арқылы алғаш рет өттім. Мұнда біз үшін барлық жағдай жасалған. Электронды кезек ұйымдастырылған, жайлы демалуға арналған орындар, ыңғайлы тегін автотұрақ, жақсы тамақтанатын орындары қарастырылған. Бәрі рет-ретімен, ұқыпты ұйымдастырылған, — деді жүргізушілердің бірі Имран Кокларов.
Сондай-ақ мұнда 1500 автокөлік қабылдауға лайықталған «Digital silk road company», «Жібек Жолы» уақытша сақтау қоймалары жұмыс істеп тұр.
Оған қоса теміржол тасымалы бағыты бойынша өткізу қуаты жылына 470 мың контейнер болатын «ЕTT Dostyk» ЖШС көпфункционалды жүк тасымалдау терминалы қызмет көрсетеді.
Атап өтсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылы «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінде екінші жолдың құрылысы аяқталды. Соның нәтижесінде «Достық-Мойынты» учаскесінің өткізу қабілеті 2 есеге, яғни тәулігіне 12-ден 20 жұп пойызға дейін артты.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.



























