Жетісу облысындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның (ВАК) кезекті отырысы өтті.
Отырыста комиссия төрағасы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға көшті.
Күн тәртібінде үш маңызды мәселе қаралды. Атап айтқанда, цифрлық технологиялар мен әлеуметтік желілер арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алу, кісі өлтірудің, соның ішінде алкогольдік масаң күйде жасалатын қылмыстардың профилактикасы, сондай-ақ жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері талқыланды.
Отырысқа комиссия мүшелері, мүдделі мемлекеттік органдардың және ҚР Бас Прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментінің өкілдері қатысты, сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрлігінің Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы онлайн түрде қосылды. Отырыс барысында жауапты мемлекеттік органдардың есептері тыңдалып, атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты талдау жүргізілді. Қол жеткізілген оң динамикаға қарамастан, бірқатар бағыттар бойынша жүйелі мәселелердің бар екені атап өтілді.
Комиссия төрағасы профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру, цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу, халықпен кері байланысты күшейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту бойынша нақты тапсырмалар берді.
Отырыс қорытындысы бойынша барлық жауапты органдарға нақты міндеттер жүктеліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынатыны ескертілді.
Жетісу облысы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімінің мәліметі бойынша





























