Өндірушіден – тұтынушыға: Талдықорғанда кеңейтелген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Талдықорған қаласында Жетісу облысының барлық өңірінен келген тауар өндірушілердің қатысуымен кеңейтелген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Тұрғындарға жалпы көлемі 107 тоннадан асатын жергілікті өнімнің кең ассортименті нарықтағыдан төмен бағамен ұсынылды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жәрмеңкеге Талдықорған және Текелі қалаларының, сондай-ақ Жетісу облысының сегіз ауданының өкілдері қатысты. Жалпы, сатып алушыларға ет және сүт, шұжық және балық өнімдері, көкөніс, жеміс-жидек, қант, ұн, жарма, өсімдік және жануар майлары, бал, ұлттық сусындар мен басқа да өнімдердің 60-қа жуық түрі ұсынылды. Өнімдердің жалпы құны 158,8 млн теңгеден асты.

Жәрмеңкеге сатушылар да, сатып алушылар да дән риза.

– Біз Қаратал ауданы Үштөбе қаласынан келдік. Жәрмеңкеге шамамен 250 келі сиыр етін алып келдік. Мал жайлауда бағылған, сондықтан еттің сапасы да жақсы. Мұндай жәрмеңке бізге де, халыққа да тиімді. Біз өнімімізді тез өткіземіз, ал тұрғындар етті қолжетімді бағамен сатып алады.

– Сарқан ауданының Сарқан қаласынан келдік. Біз омарташымыз, өз омартамыз бар. Шамамен 300 ара ұясын ұстаймыз. Жәрмеңкеге жалпы көлемі 300 келі болатын балдың 10-ға жуық түрін алып келдік. Сонымен қатар ара тозаңы мен омарта шаруашылығының басқа да өнімдерін ұсындық. Жәрмеңкеге төртінші рет қатысып отырмыз, өте қолайлы. Осындай ауқымды жәрмеңкелердің арқасында адамдар бізді біле бастайды, өнімдеріміз жақсы өтеді, – деді омарташы Марк Сюра.

– Біз 2016 жылдан бері нарықта жұмыс істеп келеміз. Жәрмеңкеге зауытымызда өндірілетін сүт өнімдерінің 32 түрін түгел алып келдік. Олардың қатарында ірімшік, сары май, сүзбе және басқа да өнімдер бар. Өнімдеріміздің барлығы толық сертификатталған. Жәрмеңкеге бұған дейін де қатысқанбыз. Жәрмеңке басталғалы біздің ірімшігіміз жақсы сатылып жатыр, – дейді Талдықорғандағы «Ләззат» сүт зауытының маркетологы Айдана Ратаева.

Жәрмеңкеге келушілердің арасында қала тұрғыны Нұрболат Қарабасов та бар. Ол мұнда ет пен балық сатып алуға келген. Оның айтуынша, өнімдердің бағасы қала базарларындағыдан төмен, ал азық-түлік түрінің көптігі қажетті тауарларды таңдап алуға қойлайлы.

– Иә, бағалар базарға қарағанда шынымен де төмен. Ассортименті жақсы. Барлық сауда қатарын аралап, тауарлардың сапасын көріп шықтым, сосын  сатып алдым. Қала тұрғындарына осындай қамқорлық танытқаны үшін ұйымдастырушыларға рақмет, – деді ол.

Ал зейнеткерлер Әбубәкір мен Бұлбұл Аязбаевтар қыстық азық үшін  көкөніс қорын дайындауға арнайы жәрмеңкеге келген.

– Біз қырыққабат, пияз, сәбіз, қызылша және басқа да көкөністер сатып алдық. Оның үстіне балаларымызға, немерелерімізге, үйдегілерге түгел жетуі үшін бірден көп мөлшерде аламыз. Қолжетімді бағадан бөлек, жәрмеңкенің тағы бір артықшылығы – өнімдердің балғындығы. Қысқа қажетті азық-түліктің бәрін осы жерден таңдауға болады, – деді ерлі-зайыптылар.

Осылайша, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі қала тұрғындарына қажетті азық-түлікті тікелей өндірушілерден сатып алуға, ал облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне өз өнімдерін өткізуге мүмкіндік берген алаңға айналды.

– Облысымыздың барлық аудандары мен қалаларынан келген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үлкен күзгі жәрмеңкеге өнімнің 60-қа жуық түрін алып келді. Атап айтқанда, екі қант зауыты өз өнімдерін қолжетімді бағамен ұсынды. Жәрмеңке ассортиментінің молдығы мен өнімнің сапалылығының арқасында қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше ұнайды деп ойлаймын, – деді Жетісу облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фототілші: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз