1961 жылы Байқоңыр ғарыш айлағы аумағынан адамзат тарихында алғаш рет ғарышқа сапар жасалып, Юрий Гагарин «Восток» кемесімен ұшырылды. Бұл тарихи оқиға ғарышты игеру дәуірінің басталуына жол ашып, ғылым мен техниканың дамуына зор серпін берді. Сол сәттен бастап бүгінгі күнге дейін 500-ден астам адам ғарышқа саяхаттаған. 1968 жылы Халықаралық авиация федерациясы 12 сәуірді Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер күні деп ресми түрде жариялады. Бұл күн жыл сайын әлемнің көптеген елдерінде атап өтіліп, ғарышкерлердің ерлігі мен адамзаттың ғарышты зерттеудегі жетістіктеріне құрмет көрсетіледі. Бүгінде аталмыш күн тек алғашқы ғарышқа ұшуды еске алу ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты ғылымға, техникаға және ғарыш саласына қызықтыратын маңызды мереке болып саналады.

Толқын Құрманғалиева, қалалық орталық балалар кітапханасының бөлім меңгерушісі: 12 сәуір – ғарышкерлер күні адамзат тарихындағы ең ұлы жетістіктердің бірі саналатын күн. Осы атаулы мерекеге орай қалалық орталық балалар кітапханасында «Космос пен жарық» атты кітап көрме-инсталляциясы ұйымдастырылды. Бұл көрме тек кітаптарды таныстырумен шектелмей, ғарыш тақырыбын көркем безендіру арқылы балалардың қызығушылығын оятып, таным көкжиегін кеңейтуді мақсат етеді. Көрме ортасында орналасқан зымыран макеті бірден көз тартады. Кітаптардан құрастырылған тұғырдың үстіне орнатылған бұл бейне білімнің биікке жетелейтін күш екенін меңзейтіндей. Көк түсті кеңістікке ұқсатып безендірілген фон, жұлдыздар мен планеталар суреттері, ғарышкерлер бейнелері көрменің мазмұнын толықтыра түсті. Әсіресе, ғарыш тақырыбындағы кітаптардың көрнекі түрде ұсынылуы балалардың назарын бірден өзіне аударады. Инсталляцияда ғарышкерлердің суреттері, аспан әлемі туралы иллюстрациялар және танымдық әдебиеттер қатар қойылды. Бұл жас ұрпақты ғылымға, соның ішінде астрономия мен физикаға қызықтырудың тиімді тәсілі. Көрменің «Космос пен жарық» деп аталуының өзі терең мағынаға ие: ғарыш – шексіздік символы болса, жарық – білім мен танымның белгісі. Көрменің тағы бір ерекшелігі оның балаларға ертегідей әсер беруінде. Кітап сөрелерінің жанында орналасқан шағын композициялар, жұмсақ түстер үйлесімі, жарық эффектілері баланы бір сәтке қиял әлеміне жетелейді. Мұнда келген әрбір оқырман өзін ғарышқа сапар шеккендей сезінді. Осындай шығармашылықпен ұйымдастырылған көрмелер кітапхана жұмысының жаңа форматқа бет бұрғанын көрсетеді. Бұл тек кітап оқуға шақыру ғана емес, сонымен қатар баланың ой-өрісін дамытатын, қиялын ұштайтын мәдени-танымдық орта қалыптастырудың жарқын үлгісі.

Жанна Сабыржан, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: №14 орта мектеп-гимназиясында ерекше іс-шара өтті. Бұл мектептің шоқтығы биік, өйткені қазақтың үшінші ғарышкері, «Халық қаһарманы» Айдын Айымбетов дәл осы біздің білім ордамыздың түлегі. Мереке қарсаңында мектеп қабырғасында «Ғарышты бағындырған Айдын Айымбетов» атты салтанатты сынып сағаты ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – оқушыларға қазақ ғарышкерінің жүріп өткен жолын үлгі ету, отансүйгіштікке тәрбиелеу және жас ұрпақтың ғылымға, техникаға деген қызығушылығын арттыру. Сынып сағаты барысында оқушылар Айдын Ақанұлының өмірбаяны мен ғарышқа сапары туралы тың деректермен бөлісті: Алтын ұя мектеп: Оқушылар ғарышкердің мектеп қабырғасында қалай білім алғаны, ұшқыш болуды қалай армандағаны туралы естеліктерді оқыды. Ғарышқа сапар: 2015 жылы «Союз ТМА-18М» кемесімен Халықаралық ғарыш станциясына жасаған экспедициясы туралы бейнероликтер көрсетілді. Ғылыми тәжірибелер: Айдын Айымбетовтің ғарышта өткізген «шаңсорғыш» сынағы мен «Дастархан» бағдарламасы аясындағы ұлттық тағамдарды зерттеуі туралы қызықты мәліметтер айтылды.

Таңшолпан Қанатқызы, «Кәтия апа» бөбекжай балабақшасы «Кәусар» тобының тәрбиешісі: Балабақшамызда ғарышкерлер күніне арналған ерекше танымдық жиын өтті. Бұл іс-шараның басты мақсаты – ғарыш саласындағы жетістіктерді кеңінен насихаттау, өскелең ұрпақтың ғарыш әлеміне деген қызығушылығын арттыру және қиялын дамыту, балаларды өз елінің батырларын құрметтеуге тәрбиелеу. Тәрбиеленушілерге проектор арқылы ғарыш кеңістігі, жұлдыздар, ғаламшарлар мен ғарышкерлердің өмірі туралы бейнематериалдар көрсетілді. Балалар жер планетасының ғарыштағы орны, күн жүйесі және басқа да аспан денелері туралы қызықты мәліметтермен танысты. Іс-шара барысында балалар белсенділік танытып, қойылған сұрақтарға жауап беріп, өз ойларымен бөлісті. Кейбір тәрбиеленушілер ғарыш туралы өз армандарын айтып, болашақта ғарышкер болғысы келетіндерін жеткізді.
Тоқтар Әубәкіров 1991 жылы ғарышқа экспедициялық сапармен барып, сол жақта 7 күн 22 сағат 13 минут болды. Ол алғаш рет өзге кеңістікте жүріп қазақтың ұлттық тағамын жеген адам. Сол жылы ғалымдар ірімшік, айран және етті ғарышта жүріп жеуге болатындай етіп әзірлеген. Қазақтан шыққан екінші ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарышқа үш мәрте ұшып, сол жақта жалпы есеппен 341 күн 9 сағат 48 минут 41 секунд болып қайтты. Нәтижесінде ол Гиннесстің рекордтар кітабына енген және бүгінгі күнге дейін оның бұл көрсеткішін ешкім қайталаған жоқ. Қазақстанның үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов 2015 жылдың 2-12 қыркүйегі аралығында халықаралық ғарыш станциясына бағыт алған «Союз ТМА-18М» кемесінің екінші бортинженері ретінде ұшты. Халықаралық ғарыш станциясына барған ЭП-18 экспедиция мүшесі. Ұшу уақыты 9 тәулік 20 сағат 13 минут 51 секундқа созылды.





























