Мен қала тұрғыны ретінде Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауын елдің алдағы даму бағыттарын айқындайтын маңызды құжат деп санаймын. Жолдауда көтерілген инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және цифрландыру мәселелері қоғам үшін өзекті.
Әсіресе, қалалар мен өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға, жолдардың сапасын жақсартуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға және әлеуметтік нысандарды көбейтуге басымдық берілуі көңілге қуаныш ұялатады. Себебі қала тұрғындары үшін сапалы жол, таза ауызсу, тұрақты жылу мен жарық, қолжетімді медицина және балаларға арналған заманауи білім беру мекемелері – күнделікті өмірдің маңызды бөлігі. Сонымен қатар халықтың табысын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау және жастардың еңбекпен қамтылуына мүмкіндік жасау мәселелері де ерекше маңызға ие. Қазіргі таңда тұрғындарды толғандыратын негізгі мәселелердің бірі – бағаның өсуі мен тұрмыс сапасы. Сондықтан Жолдауда айтылған бастамалар халықтың күнделікті өмірінен нақты көрініс табуы қажет. Меніңше, кез келген бастаманың нәтижесі оның орындалу сапасымен бағаланады. Сондықтан жергілікті атқарушы органдарға да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Биылғы Жолдау еліміздің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды бағыттарды қамтыды. Біз, қала тұрғындары, еліміздің одан әрмен өркендеп, қалаларымыздың көркейгенін, халықтың тұрмыс сапасының жақсарғанын қалаймыз.
Арайлым Әлсейіт





























