Алакөл жағалауы нығайтылып, кәріз тазарту қондырғылары салынуда

Жетісу облысында Алакөл жағалауын жазғы маусымға дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазір жағалауда бекіту дамбасын салу жұмыстары жүріп жатыр. Сол сияқты Ақши мен Көктұма ауылдарынан шығатын ағын суларды тазартатын қондырғылар жүйесін салу жалғасуда, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Еске салсақ, бірқатар учаскелер, соның ішінде жағалауға жақын орналасқан нысандар маңында жағаның шайылу белгілері анықталғандықтан, облыс әкімдігі жағалауды бекіту бөгетін салу қажет деп шешкен болатын. Жоба көл жағалауының 13 шақырым аумағын қамтиды. Аталған қорғаныс бөгетін салып жатқан мердігер мекеме бүгінге дейін Көктұма ауылында 960 метр, Ақшиде 200 метр аумақта жағалауды бекіту жұмыстарын атқарған.

— Жағалауды нығайту бөгетінің құрылысын былтырғы жылы бастағанбыз, биыл жұмыстар жалғастырылуда. Қазір қосымша адам күші мен техника жұмылдырылып жатыр, атап айтқанда жұмысшылар санын 150-ге, техника санын 300-ге жеткіземіз. Бұл — желді күндері көл толқыны екпінінің жағалауды шайып кетуін болдырмау үшін қолға алынған жоба. Биыл Көктұма ауылындағы, келесі жылы Ақши ауылындағы жағалауды бекіту бөгетін салуды аяқтаймыз, — деді құрылыс учаскесінің бастығы Арман Жүнісқалиев.

Дамба салу жұмыстары біткен соң бұл жер заманауи қоғамдық жағажайға айналады.

Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, Ақши ауылында 69 шақырым кәріз жүйесінің құрылысы аяқталды. Ақши мен Көктұмадан шығатын ағын суларды қабылдап, тазалап, суды техникалық мақсатта қайта пайдалануға мүмкіндік беретін тазарту қондырғыларының жүйесін іске асыру жалғасуда. Нысанды биыл қазан айына дейін жабдықтап, инженерлік желілерге қосу жоспарланған.

Құрылыс жұмыстары 2025 жылы мамыр айында басталды. Қазір жұмыстың 30 пайызы аяқталды. Осы жерде Ақши мен Көктұма ауылдарынан шыққан кәріз қалдықтары тазартылады. Қуаты тәулігіне 6500 текше метр.  Жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, дейді құрылыс учаскесінің бастығы Самат Ыбырай.

Еске салсақ, өткен жылы электрмен қамту мәселесі шешіліп, Бескөл және Ақши ауылдары аралығында 57 км электр желісі мен 2 қосалқы станцияның құрылысы (110 кВт) аяқталған болатын. Сол сияқты қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон салу жобасы іске асырылуда. Осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде көл жағалауындағы инженерлік инфрақұрылым мәселесі оңынан шешіліп келеді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз