Жетісу облысында биыл Алакөл көлінің жағалауына қосымша қоқыс контейнерлері, киім ауыстыратын орындар, биодәретханалар, құтқару мұнаралары, буй желілері орнатылады. Жалпы, жағалаудағы санитарлық тазалықты сақтау мен демалушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету дайындығы қатаң бақылауда, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алакөл аудандық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, Алакөл жағалауында коммуналдық база нығайтылып, «Алакөл Тазалық» КММ құрылды. Оның материалдық базасына 21 бірлік арнайы техника сатып алынған. Маусымдық бригадалардың жұмысы күшейтіліп, қоқысты жүйелі шығару, қоғамдық кеңістіктер мен жағажай аумағына күтіп ұстау шаралары ұйымдастырылуда.
— Жазғы маусымның басталуына дейін Алакөл көлінің жағалауында қосымша 100 қоқыс контейнері (2025 ж. – 220), 30 киім ауыстыратын орын (2025 ж. – 14), 30 биодәретхана (2025 ж. – 45), 31 құтқару мұнарасы (2025 ж. — 9), 13 км буй желілері және 5 пирс орнатылады. Бұл шаралар жағалаудың санитарлық жағдайын жақсартуға ықпал ететін болады, — дейді Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов.
Ал төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Ақши ауылының құтқару бөлімшесінде 13 құтқарушы, 11 моторлы қайық қарастырылған.
Сол сияқты қоғамдық қауіпсіздік пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жалпы 50 полиция қызметкері тәулік бойы жұмылдырылады. Соның ішінде Ақши ауылына 40 қызметкер, Көктұма ауылына 2 маман жаяу бағытта, дронмен және автопатруль қызметтерін атқарады. Ақши ауылының учаскелік полиция пунктінде әрдайым 8 қызметкер резервте болады. Сонымен қатар көл жағалауларында 39 бейнебақылау камерасы орнатылған, олардың бейнежазбалары облыстық ПД-ның Мобильді байланыс кешеніне және қажет жағдайда Жедел басқару орталығына да шығарылады.
Сондай-ақ Ақши, Көктұма ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар тәулік бойы қызмет көрсетеді.
Тағы бір атап өтерлігі, көл жағалауына көлікпен жетуге қолайлы жағдай жасалуда. Мәселен, бұған дейін «Талдықорған – Үшарал», «Үшарал – Достық» автомобиль жолдары реконструкцияланып, көлік қатынасы жақсарды. Үшарал қаласындағы әуежай жолағын жаңғыртудан кейін ірі әуе кемелерін қабылдау мүмкіндігі жасалды.
– Биыл Үшарал – Астана, Үшарал – Алматы рейстерін жоспарлап жатырмыз. Өткен жылы әуежайдан 18 мың адам ұшты. Биыл одан көп болады деген сенімдеміз, – дейді Үшарал әуежайының директоры Болат Мұқашев.
Әуежайдың қосымша терминалын салудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Алматы мен Астана қалаларынан Үшаралға келіп-қайтатын маусымдық маршруттарды субсидиялауға республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған.
Сонымен қатар 12 теміржол бағыты жүзеге асырылмақ. Жұртшылық көп қатынайтын Ақши теміржолынан Алматы, Астана, Павлодар, Семей, Қызылорда бағыттары бойынша пойыздар тұрақты жүреді. Мұнда былтыр Павлодарға жаңа бағыт, биыл жүк пойызына арналған желі қосылыпты.
– Былтыр тәулігіне 500-800 жолаушыны қабылдадық. Биыл меймандар саны артса да вагон жеткілікті. Қажет болса жаңа бағыт ашуға мүмкіндік бар, – дейді Ақши вокзалының директоры Жанар Ыбырайханова.
Жалпы, Жетісу облысы құрылғалы бері туризмді дамытуға мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржы өңірдің даму бюджетінің шамамен 30%-ын құрап отыр.
— Туризмді қолдау мақсатында бөлінген қаражат инфрақұрылымдық жол, электр желісі т.б. маңызды жобаларға бағытталып, бұл туризм саласына оң ықпал етуде. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша туристік нысандардың саны 18 пайызға артты. Ал туристер саны 11 пайызға көбейіп, Жетісуға келушілер саны 2 миллионға жетті. Ал алыс-жақын шетелден келетін қонақтардың саны 60 пайызға артты, – дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Сәкен Түкібаев.
Атап өтсек, 2022-2025 жылдары облыста жалпы 60 инвестициялық жоба жүзеге асқан. 2026-2028 жылдарға арналған жоспарға сәйкес 21 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және қызмет көрсету сапасын арттыруға серпін беретіні анық.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев





























