Жетісуда ауыл жастары өздерінің IT-стартаптарын таныстырды

Өңірді цифрландыру жолындағы маңызды кезеңдердің бірі – Жетісу облысының Балпық би ауылында өткен «Digital Keruen» көшпелі интенсиві сәтті аяқталды. Іс-шараға қатысқан 35 жасқа дейінгі жастар болашақ технологияларды меңгеріп, оларды туған өлкесінің дамуына қолдануға мүмкіндік алды.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, оқу бағдарламасы саланың сарапшылары жүргізген екі негізгі бағытқа бөлінді: жасанды интеллект және стартап-ойлау.

Спикер Маржан Мүлкібаева нейрожелілермен жұмыс істеудің практикалық мысалдарын ұсынды. Қатысушылар AI құралдарын күнделікті тапсырмаларды автоматтандыруға және жеке өнімділікті арттыруға қалай қолдануға болатынын үйренді.

Ал Айгерім Шаймерденованың жетекшілігімен жастар идея генерациясынан бастап, толыққанды бизнес-модель құруға дейінгі жолдан өтті. өміршең технологиялық жобаларды жасау әдістемесіне басты назар аударылды.

Практикалық қорытынды интенсивтің басты ерекшелігі деуге болады. Бағдарлама соңында әр қатысушы өз жобасын дайындап, қорғады. Қорытынды питчинг барысында әлеуметтік бастамалардан бастап агросекторға арналған цифрлық сервистерге дейінгі түрлі бағыттағы шешімдер ұсынылды.

— Біз Ескелді ауданындағы жастардың әлеуеті зор екенін көрдік. Бір күннің ішінде олар тек теориямен танысып қана қоймай, өз идеяларын дайын презентацияларға айналдыра алды. Бұл талантты әрі креативті болудың географияға тәуелді емес екенін көрсетеді, — деп атап өтті ұйымдастырушылар.

2026 жыл Қазақстандағы цифрлық трансформация қарқынының жоғары екенін тағы да дәлелдеп отыр. «Digital Keruen» жобасы ауыл жастарының жаһандық технологиялық үрдістерге белсенді түрде қосылуға дайын екенін айқындады.

Үйренген дағдылар қатысушыларға тек бәсекеге қабілетті маман болуға ғана емес, сонымен қатар өз өңірінде жаңа жұмыс орындарын құрып, жергілікті стартап экожүйесін дамытуға мүмкіндік береді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз