«Достық» үйінде Талдықорған қалалық мәслихатының VIII- шақырылымының кезекті 9-сессиясы өтті. Бұл жиынды қалалық мәслихаттың төрағасы Т.Ахажан ашып, жүргізді.
Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қалалық мәслихаттың депуттарымен кеңесте шаһардың әлеуметтік-экономикалық жағынан даму көрсеткіштері мен даму жоспарлары турасында баяндады.
-Қайырлы күн, құрметті депутаттар! Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауының, сондай-ақ, жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты –өмір сүру сапасын жақсарту, халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау болып табылатыны белгілі.Президент өз Жолдауында «Азамат – бизнес – мемлекет» триадасында қатынастарды қайта құрудың ерекше маңыздылығын атап өтті. Мәселен, 8 айдың ішінде 6 нақты сектордың көрсеткіштердің төртеуі орындалды. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, бөлшек тауар айналымы көлемі өсіп, 34,0 мың ш. м. тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан басқа, облыстың құрылыс басқармасы арқылы Ынтымақ ауылында 1200 орындық орта мектептің құрылысы жүргізілуде, музыкалық колледж үшін 100 орындық жатақхананың құрылысы және облыс әкімдігінің ғимаратын қайта жаңарту аяқталды,-деді өз есебінде қала әкімі.
Мұнан әрі қаланың бас жоспары қаралып, тұрғындардың өсу деңгейі, қаладағы инженерлік құрылым, экологиялық қауіпсіздігі, көлік қатынасы, туристік инфрақұрылымы ескеріле отырып, өзгеріс енгізіліпті. Соның бірі- қазір бізде 8 саяжай учаскелері бар. Алдағы уақытта бұл жер тұрғын үй аумағы деп ауыстырылып, мұнда тұрғындар үшін жағдайын жақсарту мақсатындағы жұмыстар қолға алынатындығы сөзсіз.
Қала тұрғындарына барынша жағдай жасалуда, мәселен, лизингпен қоқыс шығаратын 30 жаңа көліктер алынады. Қоқыс шығару құны бүгінде жеке адамдарға -379,53 теңге. Жеке тұлғалар үшін- 2846,45 теңге. Қала аумағы 10 учаскеге бөлінген. Қоқыс жинау бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы қайта жарияланды. Сондай-ақ, 15 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Осы жылы тұрғын үй бюджет есебінен 1292 пәтер немесе 35 тұрғын үй қолданысқа берілді. Әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын 230 отбасы пәтерлі болды. Жеке мердігерлер есебінен 3 үй, тағы да кредиттік 3 үй тапсыру жоспарлануда. Сондай-ақ, әлеуметтік жауапкершілік аясында меценаттар 60 пәтерлі 1 үйдің құрылысын бастап кетті. Бұдан өзге 120 пәтерлі 2 үй құрылысы жүргізілуде.
Талдықорғанда апатты үйлердің де проблемасы шешілуде. Үстіміздегі жылы 11 апатты жағдай тұрып жатқан тұрғындарға 80 пәтер алу жоспарлануда. Бұл мақсатқа 1,2 млрд. теңге бөлу қарастырылуда. Сол үшін 51 пәтерді қайталама нарықтан алуға конкурс жарияланды. Қазіргі таңда сатып алынған пәтерлердің 11-і апатты тұрғын үй иелеріне табысталды.
2023 жылға Талдықорған қаласы бойынша өнеркәсіп саласында 3 нысанды іске қосу және 1 нысанды кеңейту жоспарланған. Инвестициялардың жалпы сомасы 188 жұмыс орнын құрумен 5,6 млрд. теңгені құрады.
Айтар болсақ, «Halyk Astyg Expo»ЖШС элеваторы, жүн көрпе шығару цехы, «Алмаз керамикс» ЖШС керамикалық плиталар шығаратын зауытының 2-ші желісі іске қосылады. Сондай-ақ, «ASMA Industrial» ЖШС акккумляторлық батареялар шығаратын зауыт салу жобасы жүзеге асырылады.
Қаламыздағы Орталық стадионды қайта жаңарту жүргізілуде, оны 2024-2025 жылдары іске асыру жоспарлануда. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілуде. Жөндеуден кейін төсек саны 35-тен 90 орынғадейін артады деп күтілуде.
Қалада 187 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.26 көше күрделі жөндеуден өтсе, қалған 78-і орташа жөнделді. 35,8 шақарым жол немесе 74 көшені жөндеу аяқталды.
Мұнан өзге де жұмыстар жүйелі қолға алынған, қалада 133,7 шақырымды құрайтын газбен қамту жүйесі бар. Тұрғындардың 58 % көгілдір отын пайдаланады. 2022 жылы Пригородный, Ынтымақ, 3-бөлімше, оңтүстік-шығыс аймақтың тұрғын үй аумағы тұрғындары көгілдір газға қосыла бастады. Әлі де саяжайлық аймақ қосыла алмай отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында облыстық энергетика басқармасына жоба ұсынылды.
Қала әкімі әлі де болса, экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған мәселелер бар. Алдымызда көптеген міндеттер тұр. Сонымен қатар, қала тұрғындарын толғандыратын жоғарыда аталған мәселелердің көбі бірлесіп жұмыс істеудің арқасында өз шешімін табатындығына сенім білдірді.
Халық қалаулылары тарапынан қаланы көріктендіру, тағы да басқа мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер айтылды. Жиында әкім есебіне мәслихат депутаттары тарапынан қанағаттанарлық деп баға берілді. Мәслихат депутаттары сессияның күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша шешім қабылдады.