Жетісуда «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы аясында бір күнде сегіз бұлақтың көзі ашылды

 

Наурызнама онкүндігі аясындағы Тазару күніне орай Жетісу облысында бұлақ тазалауға арналған «Мөлдір бұлақ» ауқымды экологиялық акциясы өтіп, өңірдегі сегіз бұлақтың сөзі ашылды. Көксу ауданында өткен осындай акцияға облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Көксу ауданы Бесқайнар ауылындағы бұлақ басына 200-ден астам адам жиналды. Олардың қатарында ауыл тұрғындары, колледж студенттері, өңірдегі су шаруашылығы мекемелерінің өкілдері бар.

Жиналғандарды Тазару күнімен құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев Наурыз мейрамы мәнінің адамның рухани тазаруымен асатасып жатқанын атап өтті:

— Соңғы жылдары «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында Мемлекет басшысының бастамасымен «Менің аулам — менің көшем — менің ауылым – менің елім» форматында жыл бойы қоршаған ортаны тазалау, ағаш егу, саябақтар мен скверлер салу, суару жүйелерін жақсарту мәселесіне өте үлкен мән беріліп келеді. Біз табиғаты таза, суы мөлдір, шөбі шұрайлы Жетісу жерін ұрпақтарымызға таза, құнарлы қалпында қалдыруымыз керек. Осындай мақсатта бүгінгі Тазару күнінде бұлақтың көзін тазалап, ағаш егеміз. Бұл экологияны жақсартып қана қоймай, адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартуға ықпал етеді, — деген Б. Исабаев барлық аудан орталықтарында саябақтар қайта жаңғырлытып, суару жүйелері жолға қойылатынын жеткізді, сондай-ақ бүгінгі шараға белсене қатысып отырған азаматтарға ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ Көксу аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлаубай Бәзілов, «Экологиялық еріктілер» ұйымының мүшесі Ұлан Уәлиев сөз алып, іс-шараның жас ұрпаққа тағылымы мол, табиғатқа жасалған үлкен қамқорлық екенін айтты.

Мұнан соң облыс басшысы ауыл тұрғындарымен бірге бұлақтың көзін ашып, жас көшеттер отырғызды. 

Акцияға қатысушылардың бірі «Қазына» балабақшасының қызметкері Дәурен Райымбеков те пікірін білдірді:

— Балаларымызды тазалыққа бейімдесек, қоршаған ортаға қамқорлық жасауға үйретсек, оны сөз жүзіндегі ақыл айту емес, өзіміз істеп үлгімізбен көрсетсек, бұл нәтижелі болады. Бүгінгі шара – соның бір айқын көрінісі. Бұлақ – халқымызда судың басы, тіршіліктің көзі. Сондықтан бұлақты ашу – көктемдегі өте маңызды іс, — деді ол.

Атап өтсек, осындай іс-шаралар Көксу ауданымен қатар Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал және Панфилов аудандарында өтіп, бір күнде жалпы саны сегіз бұлақтың көзі ашылды. Бұлақ маңын тазалау мен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, бір бұлақта табиғи жер бетіне шығу көзі қалпына келтірілді. Бұл бастау көздердің суы ауыз су, емдік және шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланылып, су ресурстары тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз етудің қосымша көзі ретінде қарастырылады.

Жалпы «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында облыс көлемінде «7 OZEN» экологиялық іс-шарасы 23 наурыздан бастап 2 мамырға дейін жалғасып, өңірдегі Қаратал, Көксу, Лепсі, Ақсу, Бүйен, Іле, Басқан өзендерінің жағалаулары және бұлақ көздері тазартылады.    

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз